Кәсібіме деген махаббат тау қопартады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында биылғы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп тағайындаған болатын. Басты мақсат — жұмысшы мамандықтары иелерінің мәртебесін асыру, олардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау. Өйткені, еліміздің 50%-дан астамы осы жұмысшы мамандықтарында қызмет етеді және экономикамыздың өсуіне өз үлестерін қосып келеді. Президент жүктеген міндеттерді қолдау мақсатында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндірісіндегі сан қилы, сан түрлі жұмысшы мамандықтарына шолу жасап, өндірістің үздіктерін жарыққа шығаруды жөн көрдік.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болатын, өмірінің 35 жылын Жәйремдегі жалғыз өндіріс ошағына арнап, қара жұмысқа төккен тері мен жұмсаған күш-жігерінен тек ләззат алатын, еңбекқор өндірісшілеріміздің бірегейі — Біржан Жүнісұлы Сәтбергенов.
– Бала кезімнен қара жұмысқа араластым. 1970 жылы сол кездегі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында (бұрынғы Дружба совхозы) дүниеге келдім. Әкем Жүніс ауылымызда ветеринарлық дәрігер болса, анам Қарлығаш 10 баланы дүниеге әкеліп, бар өмірін сол балаларының тәрбиесі мен біліміне арнаған батыр жан. Бүгінгі күні екеуі де арамызда жоқ. Жатқан жерлері жарық болсын. Мен сол батыр әке мен батыр ана дүниеге әкелген 10 баланың алтыншысымын. Алдымда екі әпкем мен үш ағам дүниеге келіп, соңымнан үш бауырым мен бір қарындасым ерген. Он баланың барлығын да ата-анамыз еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиеледі. Ауылда туылып, ауылда өсіп-өнген соң, қолымызға күрек ұстамай ақ саусақ болудың еш негізі жоқ еді. Бала кезден қара жұмысқа еш мойымаған ауыл балаларының ешқашан ауыр жұмыстан қашқанын көрмеппін. Өзімізге жүктелген жұмыстарды бауырларыммен бірлесе отырып, жылдам орындап тастап, басқа шаруамызға көшетінбіз. Ата-анамыздың бойымызға сіңіріп өсірген еңбекқорлық, бауырмалдық, қарапайымдылық, адалдық тәрізді асыл қасиеттерінен ешқашан алшақтаған емеспіз, – дейді Біржан Жүнісұлы.
Ия, ата-ана тәрбиесімен бойына бар асыл қасиетті сіңіріп өскен өндірісші азаматтың еңбекқорлығын өндірістегі әріптестері де құптайды.
Қайыр Әбілқайыров, Полиметалл байыту фабрикасының ауыр орташа сепараторлау бөлімінің басшысы:
– Біржан Сәтбергенов полиметалл байыту фабрикасы алғаш ашылған күннен сепараторшы болып еңбек етеді. Ең тәжірибесі мол маман. Айналасындағы жастардың білмегендерін үйретіп, өзіне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқаратын білікті жұмыскер. Жалпы сепараторшы дегеніміз – тау-кен өнеркәсібінде фракцияларды механикалық бөлу және пайдалы материалдарды сұйық, шаң және газ тәрізді материалдардағы балласт қоспаларынан бөлу операцияларын орындайтын жұмысшы. Бөлу процесі мұнай-химия, тау-кен және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Біздің сепараторшылардың басты міндеті өндірілген кенді сұрыптап, концентратын бір бөлек, бос жынысты бір бөлек іріктеу. Сепараторшының алдынан екіге бөлініп шыққан кен конвейер таспасымен бас корпусқа және конусқа жөнелтіледі. Бір ауысымда 5670 тонна кен өңделу керек. Жұмыс оңай емес. Өте үлкен ұқыптылықты және қажырлы еңбекті талап етеді. Талап етілетін бар жұмыстың сапалы және уақытылы орындалуына бар күш-жігерін салатын еңбеккерлердің басты шебінде жүретін Біржан ағамыздың еңбегін елеген комбинат басшылары 2023 жылы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапаттады, — дейді.
– Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң 1988 жылы, яғни, Кеңес Үкіметі тұсында Ресей мемлекетінің Чита қаласында Забайкалье әскери округінің Борзя станциясында әскери міндетімді өтедім. Танк әскерінде болып, танк командирі болдым. 1990 жылы елге оралған соң туған жерімде жазда құрылыс жұмыстарымен айналысып, қыста қазандық машинисі болып еңбек еттім. 1993 жылы осы Жәйрем кентіне келіп, сол кездегі ПРОСНАБ мекемесінде жүргізуші болып жұмысқа орналасып, 1995 жылы аталған мекеме жұмысын тоқтатып, жабылған соң, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да Шаруашылық көліктер цехының жеңіл көліктер учаскесіне жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Сол жылы өмірлік жарыммен жарасып, шаңырақ көтердім. Балаларымның анасы Дәметер Дүйсембаева комбинаттың мердігер ұйымы «Пицца-блюз» ЖШС-да аспаз болып істейді.
Кейіннен Марганец байыту фабрикасына концентраторшы болып жұмысқа ауысып, 2018 жылы полиметалл байыту фабрикасы ашылғаннан сол жаққа сепараторшылыққа кірісіп, күні бүгінге дейін сол жерде еңбек етемін. Карьерден қазылып, бірнеше өңдеуден өткізіліп, алдымызға келген кенді құрамына қарай екіге бөлеміз. Бос жыныстар кен үйіндісіне жіберіліп, құрамы бай кендер әрі қарай өңделуге жіберіледі.
Жұмыс өте үлкен ұқыптылықты, біліктілікті және жауапкершілікті талап етеді. Біздің атқарған адал еңбегімізге қарай Жәйрем қойнауынан шыққан пайдалы қазбалар әлемдік нарықта жоғарғы орында болса екен, біздің алдымыздан өткен әрбір кеннің құрамы пайдалы болса екен деп тілейміз, — деп сыр бөліскен өндірісші азамат о баста марганец байыту фабрикасына жұмысқа келгенде өзінің тәжірибесімен бөлісіп, өндірістің қыр-сырына үйреткен Талғат Бапов есімді әріптесінің еңбегін және 18 жыл басшысы болған Марат Тайтөлеуовтың еңбегін ерекше атап өтіп, өндірістегі жұмысқа үйретуші тәлімгер жақсы болса, күрделінің жеңілге айналуы сөзсіз екенін тілге тиек етті.
Бүгінгі күні кен байыту саласының майталманына айналған азамат маңайындағы жас мамандарды оқытып, үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген жан. Ол өзінің жанында жүрген еңбекқор бірқатар жастарды, нақтырақ айтсақ, Батыр Әдіс, Азамат Шотанов, Жалғас Смағұловты мақтанышпен сөзіне қосты.
– Бұл азаматтар өз істеріне өте мұқият, шаршауды, жалығуды білмейтін еңбекқор азаматтар. Өз ісіңе деген сүйіспеншілігің, өз жұмысыңа деген махаббатың еш кедергіні, еш қиындықты мойындатпайтыны сөзсіз. Жұмысыңды құштарлықпен істесең шаршауды да білмейсің, уақытың да тез өтеді. Өндірісте жалқау болуға, қалғып-мүлгіп жүруге мүлдем болмайды. Себебі, өндіріс үрдісі өте күрделі және қиын. Өндірісте адам өмірі мен денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Мен еңбек ететін «Казцинк» компаниясының да басты құндылығы — адам өмірі мен денсаулығы екенін мақтанышпен айта аламын. Қазіргі таңда жұмыс беруші жұмыскер үшін барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, қолайлы жұмыс жағдайын жасап отыр. Жалақымыз уақытылы, тегін тамақпен, жеке қорғаныс құралдарымен және арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіподақ тарапынан жасалған әлеуметтік пакет те көңілге қонымды. Жұмыс істеймін деген жанға бар жағдай жасалған.
Әрине, кемшіліксіз ештеңе болмайды, бұзылмай ештеңе тұрмайды. Кей жағдайда жұмыс барысында кезігетін ақаулар мен кемшіліктерді уақытылы ретке келтіріп, жұмыскерлермен бірлесе отырып шешім табатын бастығымыз Қайыр Әбілқайыров, полиметалл байыту фабрикасының аға инженері Әділет Рымбек, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бойынша инженер Ришад Исабаев, шеберлер Жантас Балабеков, Ниязғали Белтаев сынды азаматтармен кез келген еңбек майданының алдыңғы шебінде қорықпай жүруге болады. Ең бастысы бірлігімізден, ұйымшылдығымыздан және өзара сыйластығымыздан арылмайық. Өндірісіміз өркендей берсін, Жәйреміміз гүлдене берсін! Әр жұмыскер жұмысқа аман келіп, үйіне сау қайтсын! Жоспарымыз еселене орындалып, жер қойнауында пайдалы қазбалар молая түссін, — деп еңбекқор азамат сөзін түйіндеді.
Жарық дүние сыйлаған батыр әке, батыр ананың алтыншы перзенті Біржан Жүнісұлының үлкен әпкесі Жұмакүл Жүнісқызы, ағалары Сапар, Қыдырбай Жүнісұлдары, бауыры Сейілжан Жүнісұлы бұл күнде өмірден озған. Қазір қалған бес бауырына ет жүрегі елжіреп, амандықтарын тілеп отырады. Үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған үлкен ағасы Мыңжан кезінде жүргізуші қызметін атқарған, қазіргі таңда зейнетте, отбасымен сол туған жерлері Байдалы би ауылында тұрады. Кәсібі – мал шаруашылығы, үй шаруашылығы. Ал, жеңгесі Зәуреш он саусағынан бал тамған, ұлттық тағамдарымызбен, әсіресе, керемет сусын ашыған көжесімен біраз жерге танылып отырған аяулы жан.
Әпкесі Алмагүл Қаражал қаласы, Ақтау ауылында тұрады, үй шаруашылығында. Жездесі Нарбай Құлмағанбетов сол ауылдың бас имамы.
Өзінен кейінгі Ержан деген бауыры жеке кәсіпкер. Қарындасы Айнагүл мектепте мұғалім. Екеуі де сол туған жерлерінде тұрақтаған.
Досжан есімді ең кенже бауыры «Қазақмыс» корпорациясына қарасты шахтада механик. Жезқазған қаласында тұрады.
Өзінің тұла бойы тұңғышы Мақпал Жүнісова тұрмыста, мамандығы бухгалтер. Бүгінгі күнде бала күтімімен үйде. Полиметалл байыту фабрикасында сүзгілеу учаскесінде сүзгілеуші болып еңбек ететін жолдасы Жігер Әкімов екеуі екі кішкентай бүлдіршін тәрбиелеп отырған жас отбасы. Екінші қызы Мерейім Жүнісова Жәйрем кентіндегі «Қазпошта» АҚ-да еңбек етеді, күйеу баласы Тілеуғали Берік жергілікті ауруханада жедел жәрдем фельдерші. Екі ұлдары бар.
Ал, сүт кенжесі Мәди Қарағанды қаласындағы политехникалық колледжінің «Тау-кен ісі» мамандығында білім алуда. Амандық болса, қолына дипломын алған соң, Жәйремге оралып, әке жолын қуып, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на бір кірпіш болып қаланады деп ойлаймыз.
Өндірістің өрге шығуына өз үлесін аянбай қосып жүрген азаматтың маңайына да өзі тәрізді қарапайым, еңбекқор жандар тоғысқан. Құдай қосқан құдалары да осы комбинаттың белді жұмыскерлері. Үлкен құдасы Зәкәрия Акишев «Жәйрем» кенішінде экскаватор машинисі болса, екінші құдасы Қанатқали Ғабдуллин де осы кеніште бульдозер машинисі. Тау мен тасты қопарып, жер қойнауындағы бар байлығымызды өндіріп, өңдеп, сұрыптап, әлем нарығына жіберіп, ел экономикасының өркендеуіне үлестерін қосып жүрген азаматтар, құда болып бала бақытын, немере шаттығын бірге көрумен қатар, өндіріс жемісіне де бірге жетіп жүрген әріптестер.
Қажырлы еңбегімен айналасына үлгі болып, мамандығына деген мақтанышымен бөліскен еңбекқор жанға біз толағай табыс тілейміз. Өндірісіміздің өркендеп, кентіміздің гүлденуіне тілеулес болатын жақсы жандарымыз көп болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жұмыскеріміз жарақатсыз, өндірісіміз апатсыз болсын!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту
комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.