Мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жаңа заңға қол қойды. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, енді есірткі өндірушілер мен ұйымдастырушыларға жаза қатаңдатылды. Бірақ, есірткіні тасымалдаушыларға жаза жеңілдетілді. Жаңа заң 3 наурыз күні күшіне енеді.
Мамандардың айтуынша, заңда есірткіні жасырын орналастырушылардың жазасы аздап жұмсартылған. Мәселен, алғаш рет мұндай қылмыс жасағаны үшін қылмысын ауырлататын мән-жайлар болмаса, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Бұрын оларды 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыратын.
– «Закладчиктер» дейміз ғой, есірткі тығатындарды. Олардың арасында алданып қалған, өздерінің білместігінен осындай қылмыстық істерге душар болған жас балалар да бар. Бұл жеңілдетілген шара ең әуелі солардың қайтадан түзу жолға түсуіне үлкен мүмкіндік береді, – дейді Ұлытау облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Оспанов.
Алайда, лауазымды тұлғалардың есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілігі қатаңдатылды. Олар бұрын 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, енді 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Заңда есірткінің және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында басқа да шаралар қабылданған.
– Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ, есірткі, прекурсорлар, улы және күшті әсер ететін заттарды өндіруге пайдаланылатын заттардың, құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұрын бұл қылмыс түрі әкімшілік жауапкершілікпен шектелетін, – дейді есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы.
Жалпы, Ұлытау облысының аумағында 2024 жылы есірткімен байланысты 82 қылмыс тіркелген, оның 31-і есірткіні сату болса, қалғандары есірткіні егіп өсіру, заңсыз жарнамалау, сақтау болып отыр. Қылмыстық айналымнан 511 келі әртүрлі есірткі заты алынған. Қылмыстық жауапкершілікке 67 адам тартылған.
Досан Дулығалы.