Ержан – «Бас балуан» атанды

Жерлесіміз, өңіріміздің мақтанышы, иісі қазақтың мақтан етер спортшыларының бірі Ержан Еренғайыпов тағы да топ жарды. Бұл жолы ол «Дала қырандары» республикалық турнирінде «Бас балуан» атанды.

Қазақ күресі – халқымыздың ұлылығын, батырлығын, күш пен қайсарлықты паш ететін ұлттық өнер. Осы өнерді дәріптеуде елімізде «Дала қырандары» республикалық турнирін өткізіп тұру дәстүрге айналып келеді. Оған жыл бойы еліміздің рейтингтік жарыстарында ең жоғары ұпай жинап, іріктелген балуандар қатысып, күш сынасады. Биылғы турнирге 64 балуан, әр салмақтың бас балуаны атағына таласты. Аталған жарысқа Қаражал қаласынан Ержан Еренғайыпов алғаш рет қатысып, 66 келі салмақ дәрежесінде өз бағын сынады.
Ержан бұл жарысқа қатысу үшін Қарағанды қаласында өткен «Сарыарқа батырлары» Азия кубогында 1 орын, Қостанай қаласында өткен Ахмет Байтұрсыновты еске алу республикалық турнирінде 1 орын және Астана қаласында өткен республикалық турнирде 1 орын алып, тиісті ұпайын жинаған болатын.
2024 жылға дейін Ержан 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп келді. Осы салмақта 2021 және 2023 жылдары «Дала қырандары» турнирінің жеңімпазы, 2019 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы Әлем кубогының және Қазақстан Респбуликасы Кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған болатын.
«Дала қырандары» турнирінің бірінші айналымында жерлесіміз азулы қарсылас, былтырғы жылдың осы салмақтағы «Дала қырандары» турнирінің жеңімпазы, Азия және Әлем кубоктарының жеңімпазы, былтыр күзде Қажымұқан атамыздың атындағы Әлем кубогында автокөлік ұтқан Жетісу облысының балуаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әкежан Бләловпен кездесті. Ержан бұл кездесуде екі жартылай жеңіс ұпаймен уақытынан бұрын жеңіске жетті.
Екінші айналымда Ақтөбе облысының балуаны Қайыржан Аянмен кездесіп, бір жамбас, бір жартылай жеңіс ұпайын алып, жеңіске жетті.
Ал, финалда Жетісу және Абай облыстарының балуандарын ұтқан Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Нұрғали Тұрсынғазиевпен кездесті. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Тұран барысы атағы бар Нұрғали 2024 жылы Қазақстан Республикасының чемпионы атанған болатын. Алғашқы минуттарда Нұрғали бойының ұзындығын оңтайлы пайдаланып, аяқтан шалып жамбас ұпайын иеленді. Ержан жеңіске деген жігерімен әртүрлі әдіске салып көрді, алайда қарсылас та оңай шағылатын жаңғақ емес, қарсы әдістер қолданды. Соңғы минуттарда Ержан қарсыласын сырттан шиыра шалу арқылы жартылай жеңіс ұпайына ие болып, сол үстемдігін ұстап қалды. Сөйтіп, 66 келі салмақ бойынша «Бас балуан» атағын жеңіп алып, 5 млн теңге сертификатқа ие болды.
Қазақ халқымыздың беріліп жатқан ас, тойларында Ержан қазақ күресінен әрқашан Қаражал қаласының намысын қорғауда. Былтырғы жылы Қарқаралы қаласында Мәди Бәпиұлының атында мешіттің ашылуында 70 келі салмақта 1 орынға ие болып, автокөлік ұтса, Қарқаралы ауданында «Хан Бертіс» бабаның 390 жылдығында 1 орынға ие болды.
Ержан 1992 жылы дүниеге келген. Қаражал қаласының Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған дзюдо спорт мектебінің түлегі. Бапкері Қаражал қаласының Құрметті азаматы, дзюдо күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Дүйсенбай Тәжікеев. Жерлесіміз қазіргі уақытта 4 жылдан бері Астана қаласында әскери қызметте.
2024 жылдың қараша айында Ақтөбе қаласында дзюдо күресінен 66 келі салмақ бойынша Ержан Қазақстан Республикасының чемпионы атанғаны мәлім. Қазіргі уақытта Ұлттық құрамамен бірге әлемдік ареналарда еліміздің намысын қорғау үшін қызу дайындық үстінде.
Алдағы әлемдік жарыстарда Ержанға сәттілік тілейміз.

Марат САТАНОВ,
Қаражал қаласының
тұрғыны.