Аптаның басында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан
Қошанов пен Парламент депутаттары Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді. Меймандар алдымен Сәтбаев қаласындағы № 1 жылу станциясындағы еңбек ұжымымен және қала жұртшылығымен кездесіп, экология және «қара қар» мәселелерін талқылады.
Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының бұл жағдайдан хабардар екенін және қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырғанын атап өтті.
Кездесу барысында Ерлан Қошанов «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС тиесілі № 1 жылу станциясы басшыларының Сәтбаев қаласын ластауы бойынша түсініктемелерін және атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайту бойынша атқарылу керек кешенді шаралар жоспарын тыңдады. Сондай-ақ, № 1 жылу станциясындағы № 4 қазандықта орнатылған эмульгатор түріндегі заманауи күл ұстағыш қондырғысының жұмысы бақыланып, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-не нақты тапсырмалар берілді. Нақтылап айтқанда, 2025-2026 жылдары жылу беру маусымына дайындық барысында № 1 жылу станциясындағы № 1, 2 және № 3 қазандықтарға күл ұстағыш эмульгаторларды орнату міндеті жүктелді. Алайда, күл ұстағыш эмульгаторларды орнатқаннан кейін станцияның жылу қуаттылығы азаятындықтан, № 2 жылу станциясы арқылы да тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету жұмыстарын атқару бойынша тапсырмалар берілді. Ал, Ұлытау облысы әкімдігіне жеке секторды газдандыру жөніндегі жобаларды іске асыруды қолға алу тапсырылды.
Сапар барысында Мәжіліс депутаттары Жезқазған қаласындағы шаруашылық ауызсу тазарту ғимаратындағы (гидроцех) жұмыспен де танысты.
Жезқазғандағы жүздесуде Мәжіліс төрағасы Үйтас-Айдос топтық су жүйелерінің кезеңдерімен, Есқұла су құбырының құрылысы және «Жезқазған қаласының шаруашылық ауызсу тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту» жобалары бойынша Ұлытау облысының әкімдігіне, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 2025-2027 жылдары жобаларды қаржыландырып аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді.