Өңірде тұңғыш жайлы мектеп ашылады

Облыс орталығынан шеткері орналасқан «Қабанбай батыр» шағынауданында 300 орындық мектеп ашылды. Бұл білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген өңірдегі алғашқы мектеп. Аты айтып тұрғандай мұнда оқушының жайлы ортада білім алуына барлық жағдай қарастырылған.

Батыр атамыздың есімі берілген аудандағы ең өзекті мәселе мектеп еді. 200-ден астам отбасы тұратын ауылда бұрын-соңды білім ошағы болмаған. Мұндағы 300-ге жуық оқушы автобуспен Жезқазғанға қатынап оқыды. Жаңа білім ошағының ашылу салтанатында өңір басшысы шағынаудан оқушыларының енді Жезқазған қаласына қатынауға мәжбүр болмайтындығын атап өтіп, білім алушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл мектеп Қазақстан Рес­публикасы Президентінің бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба аясында іске асқан маңызды қадам. Жобаның мақсаты – балаларға сапалы білім беру үшін бар жағдайды қамтамасыз ету. Балаларымыз енді өз аудандарында заманауи талаптарға сай мектепте білім алады, – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өз сөзінде.
Жаңа мектеп ең жайлы һәм заманауи мектеп. Бұл білім ошағын шағынаудан халқы ұзақ күтті. 300 шәкірт білім алатын оқу ордасы толық жабдықталған. Әр сыныпта интерактивті тақта, оқуға қажеттінің бәрі бар. Екі қабатты ғимаратта зертханалар, спорт және өнер залдары қарастырылған, сонымен қатар, оқыту процесіне заманауи цифрлық технологиялар енгізілген.
– Қазіргі уақытта 180-ге жуық оқушы қабылданып отыр. Сонымен қатар, бізде 35 мұғалім жұмысқа қабылданады. 3-тоқсаннан бастап мектебімізде сабақтар басталады. Бұл жайлы мектептің ерекшелігі – оқушылардың қауіпсіздігіне барынша жағдайлар жасалынған. Робототехника кабинетіне соңғы үлгідегі робототехника әкелінді. Сонымен қатар, химия, физика, биология пәндері бойынша соңғы заманауи үлгідегі жабдықтар келді, – дейді мектеп директоры Асылан Жанұлы.
Жаңа мектепте сондай-ақ, кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коуоркинг аймақтары қарастырылған.
Айта кету керек, ұлттық жоба бойынша облыста тағы 5 мектеп салынады.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ