Сағынышқа айналған сағым жылдар

«Əркімге өзі өскен жер – Мысыр шаһары» деген тəмсіл бар ғой. Мен үшін бүгінде шағын кентке айналған Жəйремнің орны бір бөлек. «Жастығымның куəсі шұрқыраған ауылым» – демекші, нағыз жастық шағымның қызықты уақыттары өткен жер ол. Міне, сол Жəйреміме биыл 50 жыл толады. Шағын ғана өндірісті кентте еңбекпен есейген менің өзім де биыл 70-ке келіп қалыппын. Осы мерейтойлар тоғысы кезінде «миды қозғап», кенді Жəйрем туралы ой толғау ниетімен қолыма қалам алдым…

Менің туып-өскен ауылым «Жеңіс» совхозынан 25 шақырым жерде, Қаражал қаласы бағытында орналасқан, жергілікті ел «Ескі Жəйрем» деп атап кеткен шағын поселке еді. Бұл 1950 жылдары құрылған Жəйрем геологиялық барлау экспедициясы болатын. Мен əңгімелемек болып отырған жаңа Жəйремнің ашылу тарихы сол экспедициямен тығыз байланысты. Осы экспедицияның бас геологы, Социалистік Еңбек Ері Анатолий Рожновтың (1931- 1994 жж.) басшылығымен 1971-1975 жылдары Жəйрем, «Үшқатын» кен орнын бұрғылау жұмыстары сəтті аяқталды. «Ел құлағы – елу», «Ескі Жəйремде бұрғышылар керемет бай кен орнын тауыпты, үлкен карьер ашылады екен» деген қуанышты хабар естіліп жатты.

1971 жылдың мамыр айында мен əскери борышымды өтеуге аттандым да Жəйремнің алғашқы ашылу сəтін көрген жоқпын. Туыстардың, достардың жазған хаттарынан тамтұмдап білгенім – «Рудник салынып жатыр, карьер қазылып жатыр» деген құлаққа жағымды хабарлар. Екі жыл зулап өте шығып, əскерден келгенімде қайран қалдым!

Ауылдан 18 шақырым жерде құрылысшылар поселкесі бой түзепті. Аз ғана уақытта бір көшенің бойында дүкендер, асхана, мектеп салынып, кен басқармасы орналасқан. Жатақхана, тұрғын үйлер мен коттедждер салынып жатыр екен. Жəйрем руднигінің алғашқы директоры Иван Бабанин деген кісі, ал поселкелік советтің төрағасы Тұрсын Тоғызбаев еді. Екі жылжымалы механикалық колонна құрылысты қарқынды жүргізіп жатыр екен. Алғашқы шөмішін геологтар қадаған белгіден бастап салған эксковаторлар да карьер қазуға кірісіп кеткен.

Сол кезде Жəйрем туралы, оның болашағы, жер астында тұнған байлығы туралы жазылған мақалалар мен телекөрсетілімдер бүкіл Кеңестер одағын шарлап кетті ғой. Бұл жарнамалар өз нəтижесін көп күттірген жоқ. Сонау 1954 жылы тың игеруге келген халық секілді Жəйремге Одақтың түпкір-түкпірінен жұмысшылар ағыла бастады. Ал, енді осыншама адамға баспана қайда? Оның да шешімі табылды. Алғашқы салынып біткен жатақханаға сыймағандар вагондарға қоныстанды. Жұмысшылар поселкесі орналасқан Бəйелі төбесінің етегіне тізбектеліп вагондар қалашығы орын тепті. Бір бөлмелі, ағаштан жасалған, сонымен қатар, ұзын темір вагондар да болды. Кейінірек кішкентай ғана құрастырмалы коттедждер пайда болды. Вагондар қалашығының кіреберісіне жерді цементтеп, үлкен би алаңы жасалды. Жұмыстан келіп ас-суын ішкен жастар кешке осы би алаңын думандатып, мерекеге айналдыратын. Сол жылдары Жəйремнің болашағына сенген ел іргелес «Жеңіс», «Қызылжар» станцияларынан, тағы да басқа елді мекендерден қоныс аударып, жер алып, үй салуға кірісті. Жұмысшылар мекені үлкейе берді. Балабақша бой көтерді, клуб іске қосылып, күнде кино көргеніміз өз алдына, Алматыдан əртістер келіп, концерт қоя бастады. 1976 жылы Сара Тынштықұлованың келгені есімде. Клуб меңгерушіміз Тоқпанбай Кəденұлы болды. Мамандығы жүргізуші болса да, əнші, домбырашы, жүрген жерін думанға айналдыратын жайдары жан еді.

Жəйремнің нағыз гүлденген шағы – 1975 жыл, яғни, Садық Асатовтың директор болып келуінен басталды. Сол жылы жұмысшылар поселкесінен 1,5 шақырым жерге техниканы топтастырып, жерді қаза бастады. Сөйтіп, болашақ Жəйрем қаласының іргесі қаланды.

Өз кезегінде карьер де қарқынды түрде қазылып жатты. Алайда карьерге су толып, техникалар суда қалып, адамдар көп қиыншылық көрді. Садық Қасымұлы өзінің іскер басшы екенін осы кезде дəлелдеді. Бар күшті карьерді судан тазартуға, оған баратын жолдарды жөндеуге жұмсады. Карьер шұңқыры əжептəуір тереңдеп, аумағы үлкейе түсті. Енді кенге жету үшін үлкен қопарылыс жасау керек еді. Садық Асатов бұрын өзі басшылық еткен Солтүстік Жезқазған кенішінен тəжірибелі бұрғышылар алдырды. Соның бірі кейін өзім бригадасында жұмыс істеген Николай Деев еді. Жүргізушілер жетіспей, Қырғызстанның «Қарабалта» руднигінен жүргізушілер шақырды. Олар сол кездегі алып 27 тонналық «БелАЗ» жүк машиналарына отырды. Сонымен Октябрь мерекесімен тұстас 1975 жылғы 7 қарашада бұрғыланған жүзден аса шұңқырда қопарылыс жасалды. Халықтың қуанышында шек болмады.

Содан көп ұзамай Жəйремнің алғашқы кені берілді. Ақпан айы болуы керек, карьердің басында салтанатты митинг болды. Трибунада – Садық Асатов бастаған басшылар, қаладан келген қонақтар. Кен тиелген «БелАЗ»-дар тізбегі трибуна алдынан өте бастады. Ең алдында еңбек озаты, үздік жүргізуші Валентин Щевчуктің машинасы. Оның тұмсығына қызыл мата керіліп, «Жəйремнің алғашқы кені – Отанға!» деп жазылған. Күн аязды, бірақ, оны елеп жатқан ешкім жоқ, бəрінің жүзінде қуаныш.

Осылайша Жəйрем кен-байыту комбинаты өмірге келді. «Жəйрем ауырқұрылыс» тресі құрылды, оның бастығы Айса Əбдірахманов еді. Бұл кісінің зайыбы Раушан поселкелік советтің төрайымы болды. Қаланың алғашқы бесқабатты үйлерін «Балқашқұрылыс», «Лисаковск», «Жетіқарақұрылыс», «Қарағандықұрылыс» жəне «Жезқазғанқұрылыс» кəсіпорындары салды. Сонда да екпінді құрылысқа адам күші жетіспей жатты. Содан лагерлерден адамдар əкеле бастады. Бұлар еңбекпен түзеу мекемесінен жазасын шартты түрде қара жұмыспен өтеуге шыққандар еді. Лагердің қап-қара киімімен көшеде жүрген бұларға жергілікті халық əуелде үрке қарағанымен артынан үйренісіп кетті. Олар «Орталық қазандық», «Темір-бетон бұйымдарын жасау» заводын салуға, құрылыстың барлық саласына жұмылдырылды. Бақылау жүргізетін арнайы комендатура құрылып, 1977 жылдың көктемінде пайдалануға берілген 600 орындық жатақханаға орналастырылды. Жезқазғаннан Зауытбек Фазылов бастығы болып келді. Жəйремнің милиция бөлімі ашылып, бастығы қызметіне жаңаарқалық Леонид Ватрасов тағайындалды. Бұл екі бөлім де жергілікті жастардан жəне көршілес Қаражал қаласынан ауысып келген жігіттерден жасақталды.

Жəйремге кіреберіс қырқаға телемұнара орнатылып, телестудияның ашылуына орай, салтанатты митинг өтті. Осы қырқадағы «Жəйрем», «Комсомолдық екпінді құрылыс» деген жазулары бар тастұғырлардың алдында отау құрған жастар суретке түсуші еді.

Садық Асатов басқарған жылдары Жəйрем ертегідегі баладай сағаттап өсті десем, артық айтқандық емес. Өндіріс те, құрылыс та қарқынды жүрді.

«Үшқатын» марганец кені игеріліп, онда да қызу еңбек қайнап жатты. Бастығы Орынбасар Шыныкеев деген жігіт еді. Кадрлар бөлімін басқарған жары Сара марқұм құлақ құрышын қандырар жезтаңдай əнші  еді. Озат эксковаторшылар Серік Алпысбаев, Білəл Айкешов, Əбдіғали Əлжаппаров осы кеніште еңбек етті. Жəйремге 1985 жылдың көктемінде Дінмұхаммед Қонаевтың келуі айтулы оқиға болды. Жаңа ашылған кен ұнтақтау корпусын жəне басқа өндіріс орындарын аралап, жұртшылықпен сұхбаттасқаны есте. Халыққа зор қуаныш сыйлап, əрі үлкен құрмет пен қошеметке бөленген Н.Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрінің концертін қалай ұмытарсың?! Концерттің соңында Садық аға сахнаға шығып, оркестр мүшелеріне алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі. Тебірене сөйлеп, Нұрғиса ағамен құшақтасып қоштасып еді. Жапжас Роза Рымбаева да дүркіретіп концертін беріп кетті.

Жəйремдіктер үшін Металлургтер күні айтулы мереке болса, Құрлысшылар күні де қалыс қалған емес. Жұмыс та жүретін, той-думан да ретімен болатын, халықтың көңілі хош, тамаша кез еді ол уақыт.

1987 жылдың жадыраған жазында Жəйремнің аэропортынан отбасыммен Қарағандыға ұшақпен ұштық. «Самолетпен келдіңдер ме, күштісіңдер ғой» деп таң қалған еді балдызым.

Жылжып 1988 жылдың желтоқсаны да келді. «Өлер, Садық Асатов Қасымұлы, кім өлтірер мəңгілік Жəйремімді» деп жырлаған Сəкең де өмірден өтті. Асыл азаматын ел қатты қайғырып, ақтық сапарға шығарып салды. Ардақты аға «гүлдентем» деп келген Жəйрем жерін өмірі жеткенінше гүлдентті.

Жəйрем комбинатының тізгінін жас инженер Нұрша Кəкенов деген жігіт ұстады. Бұған дейін ол «Қиыр Батыс» карьерінің бастығы болатын. Бұл жігіт Садық ағасының ісін жақсы жалғастырды. Өндіріс те, құрылыс та бəсеңдеген жоқ. Алғашқы мешіт салынды, Асатов атындағы көшеде ерекше екі үй бой түзеді. Ерекшелігі сол, «Киевтік жоба» деп аталатын бесқабатты бұл үйлер тек екі жəне бес бөлмеден тұратын. 1990 жылы мамырда пайдалануға берілген бұл үйден мен де бес бөлмелі пəтерге ие болдым. Осы жылы «Азия дауысы» фестивалінен Руслан Карин құрған жəйремдік «Роксанаки» тобы І орын алып келді. Топ басшысы Руслан мен əнші Серік Көшкінбаевқа да осы үйден пəтер берілді.

Директордың ұйғарымымен 1992 жылдың жазында Жəйремнің 20 жылдық мерейтойы тойланды. Қаланың шетіне киіз үйлер тігілді, түрлі ойын-сауыққа қоса заттай лотерея ұтыстары ойнатылды. Той дүркіреп өтті. Алматыдан шақырылған «Тамаша» театрының əртістері халыққа керемет көңіл-күй сыйлады. Мерейтой құрметіне комбинат басшылығының шешімімен біраз кеншілерге дүкеннен қалаған жиһазын алуға чек берілді. Осы тойдан мен үшін үлкен ескерткіш жатын бөлме жиһазы болды.

Есте қалғандарды қозғай берсем, жаза беретін түрім бар, Жəйремге еңбегі сіңген бұл күнде бақилық болған ақсақалдардың есімдері еске оралады.

Талай қиындықты басынан өткерген Жəйремнің қазіргі жағдайы көңілге қонымды. Сөз түйінінде Жəйремге жарқын болашақ, халқына амандық тілеймін.

 Жəми ТҰРСЫНБАЕВ,

зейнеткер