Мәртебелі мамандық

Қазақ елі тарихында сан қилы сұрапыл жылдар мен сындарлы сәттер өткен кезеңдері жетерлік. Әрбір қазақ баласы түп тарихына үңілер болса, ата-бабаларының туған жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен аянбай қорғағаны баршаға аян. Сол ықылым заманда әділдіктің ақ туын биік ұстаған атам қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған, ата салтынан аспаған бабаларымыз ұлан-ғайыр алқапты бізге табыстап, аманат етіп қалдырғаны айқын. Бабалар басынан өткергені тарих беттерінде таңба болып қалғаны анық, ал сол тарихты осы күнге келер ұрпаққа тағылым етер архив құжаттары екені айғақ.

Өлкенің құжаттарын сақтау, оны халық назарына ұсыну, әрине, архившілердің басты міндеті. Мың тараулы тарихты жазумен қатар сақтап, дәріптеп жеткізу елеулі еңбек екені баршаға белгілі жайт. Жалпы ұлттық мұраларымызды дәріптеп, сақтау және барша халық игілігіне пайдалану басты мақсатымызға айналғанына еш күмән жоқ. Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың басынан өткен небір аласапыранның өзі құнды жәдігерлеріміздің бүгінгі күнге жетуіне кедергі бола алмағаны айқын. Сол құндылықтарымызды сақтап, тиісінше халық мүддесіне пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күні архивтердің несібесінде. Осыған орай мемлекетіміз 1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңын айшықтаған болатын. Осы Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құжаттарын қалыптастыру, сақтау мен пайдалану және Қазақстан Республикасындағы архив ісін мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге негізделген. Сондықтан, бұл күн архившілер үшін ерекше мереке болып саналады. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды. Сол баға жетпес құжаттарды сақтау архив еншісіне бұйырған.
Ал, қалалық архив алғаш рет 1986 жылы Жезқазған облыстық атқару комитетінің 29 қаңтарындағы шешіміне сәйкес Қаражал қалалық халықтық депутаттар кеңесі атқару комитеті аясында жеке құрам бойынша Шаруашылық есептік архиві болып құрылды. Қалалық архивті осы уақыт аралығында бірнеше басшы басқарды. Бірақ, мәселе басқару емес осы архивтің шынайы жүрегі ол архившілер екенін мойындаған абзал. Сол Кеңес дәуірі кезеңінен бері демесек те, тоқсаныншы жылдардың қиыншылығын осы мекемемен бірге бөлісіп, бірнеше жерге жаяулап көшіріп, құжаттарын парақтап жинап, томдап тасып та жүрген осы архившілер. Машақаты көп, мақтауы аз осы саланың орасан зор еңбегін түсініп жатқан жандар аз. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, ұққан адамға терең төзім мен табандылықты талап ететін үлкен жұмыс. Тарихы сонау соғыс жылдарымен шиеленіскен архив құжаттарының алғашқы парақтары өткен ғасырдың қырық екінші жылдарында жазылған көне құжаттармен басталса, соңы бүгінгі күнмен шектеліп, жалпы саны қырық жеті мың бірлік құжатты құрайды. Әрбір бірліктің өзінде бірнеше жүздеген парақты есепке алсақ, сансыз мұра архив іргесінде екені санамызға сенім ұялатады. Ендеше сол қазынаны тәртіпке сай сақтап, дәріптеп осы кезеңге жеткізіп отырған архившілер екені айдан анық.
Сол құжаттарды сақтап, қолданысқа беріп, халық игілігіне қызмет етуге пайдаланып, қайта өңдеп отырған, яғни, еңбек жолдарын осы архивтен бастаған жоғарғы санатты архившілер Зәмзагүл Сыздықова, Марал Ильяс отыз жылдан астам уақыт бойы талмай қажырлы еңбек етуде. Сонымен қатар, құжаттармен жұмыс атқаруда отыз бес жылдан аса тәжірибесі бар Галина Шапкова өз міндеттерін өте жауапты атқарып келеді. Өткен жылы Зәмзагүл Төлеуқызы, Галина Александровна архив саласындағы атқарған ерен еңбектері үшін «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Марал Тілешқызы облыс әкімінің сыйлығының «Үздік жариялаушы» номинациясын еншіледі. Архив қызметінің басты бағытының бірі мемлекеттік қызмет көрсету бойынша сұраныстарды орындау. Өте жоғары жауапкершілікті талап ететін осынау бағытта Күнзияш Наукенова өз ісінің нағыз маманы екенін дәлелдегені сөзсіз. Архившілер, сондай-ақ, бір жыл ішінде қырыққа жуық іс-шара өткізіп, әртүрлі басылымдарға оннан аса мақала жариялады. Тағы бір айта кететін жайт, ол құжаттарды цифрлы форматқа көшіру ауқымды жұмыс болып табылады. Осы бағытта жиырма іс пен сегіз мың парақ көшіріліп, елеулі жұмыс атқарылды.
Мемлекеттің нығаюы, мемлекеттік механизмнің күрделене түсуі, басқару қызметінде құжаттардың жаңа түрлерінің пайда болуы, қызмет көрсету түрлерін автоматтандыру архившілерге үлкен міндет жүктеп отыр. Қай мемлекеттің болмасын, оның қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатыны белгілі. Біздің архивте Қаражал-Жәйрем аймағының экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуы бойынша бай ақпараттар бар. Зерттеушілер үшін бұл құжаттар таптырмас байлық болып табылады. Сол уақыт еншісіндегі байлықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, оны тиісінше сақтау және азаматтармен қоғам мүддесіне пайдалану архившінің мақсаты. Ал, сол мақсатты біздің архившілер абыроймен атқарып келе жатқанына кәміл сенемін!

Талғат ҚАСЫМОВ,
Қаражал қаласының
мемлекеттік
архивінің басшысы.