Жастар – елдің ең белсенді буын өкілдері. Қарап тұрсаңыз, жастар өмірдің қозғаушы күші іспетті. «Ел болам десең бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастардың жағдайын тасада қалдырмасы анық. Осыған орай, жұма күні қаламыздың мәдени-сауық орталығында «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен қала әкімінің «Жігер-2024» жастар сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
«Жігер» жастар сыйлығы – бұл адалдықтың, батылдықтың, қайсарлықтың, төзімділіктің, мейірім мен ізгіліктің символы. Бұл сыйлық – өз еңбегімен, қайсар рухымен биік белестерді бағындырған және өзгелерге шабыт пен үлгі бола білген жастарға көрсетілетін ерекше құрмет.
Әр салада айтарлықтай қызмет етіп, жыл бойына үздік үлгісін көрсете білген жастарды марапаттау рәсімінде 10 түрлі аталым бойынша үздіктер анықталды. Қаражал қаласы әкімінің «Жігер-2024» жастар сыйлығына лайықтыларды анықтау үшін қаламызда үш апта бойы қызу іріктеу жұмыстары жүргізілді. Салтанатты жиынның ашылу рәсімінде қала әкімі Айқын Қылышұлы сөз сөйлеп, барша жерлестер мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Айқын мырза өз сөзінде: — Бүгін біз дарынды жастарымыздың жетістіктерін атап өту үшін жиналдық. Қымбатты жастар! Сіздердің жетістіктеріңіз – қаламыздың және бүкіл еліміздің мақтанышы. Біз сіздердің жаңа білімге ұмтылып, инновациялық жобалар жасап, қоғам дамуына өз үлестеріңізді қосып жатқандарыңызды көріп отырмыз. Сондықтан да, мемлекет тарапынан бизнесті ашуға және дамытуға арналған гранттары сияқты түрлі қаржылай қолдау шаралары көрсетіледі, олардың сомасын біз жыл сайын арттырып отырамыз. «Жігер» сыйлығы – бұл қажырлы еңбектің мойындалуы, бұл сіздердің күш-жігерлеріңіз, бастамаларыңыз және жақсылыққа ұмтылыстарыңыз үшін білдіретін алғысымыздың белгісі. Сіздерге шын жүректен табыс тілеймін. Таланттарыңыз гүлдей берсін, армандарыңыз орындалсын! – деді жүрекжарды лебізін білдіріп.
Арнайы құрылған комиссия шешімінің нәтижесінде «Ыстық қайрат» пен «Қайсар рух» аталымы «Жігер-2024» жастар сыйлығы номинацияларын қала әкімі Айқын Қылышұлы өз қолымен табыстады. «Ыстық қайрат» аталымы бойынша «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігі, «Батыс Қаражал» кенішінің «Монтажный» учаскесі басшысының орынбасары Нұрмұхан Әбдіғаппаров лайық деп табылды. Ал, «Қайсар рух» номинациясы 3 ӨСБ өрт сөндіру құтқарушысы Арнұр Әбдіғамитовке бұйырды.
Келесі номинация бойынша «Адал қызмет» және «Нұрлы ақыл» номинацияларының жеңімпаздарын анықтау Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспановаға бұйырып, жеңімпаздарды марапаттады. Атап айтсақ, «Адал қызмет» номинациясы Қаражал каласының прокуратурасының аға прокуроры Мақсат Қалиевке бұйырды. Ал, «Нұрлы ақыл» номинациясы №10 жалпы білім беретін мектептің ағылшын пәнінің мұғалімі Айтуған Айдосова иеленді.
Ендігі кезекте бірі еліміздің тыныштығын күзетіп, бірі жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін тер төгіп жүрген жандарға арналған екі ерекше номинация — «Ел қорғаны» және «Іскер тұлға». Осы номинациялардың жеңімпаздарын жария ету үшін сахнаға Қаражал қаласының прокуроры Дархан Бөлекбаев шақырылып, жеңімпаздарға, яғни, «Ел қорғаны» номинациясын Қаражал қаласының ПБ көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жандос Кеңесовке және «Іскер тұлға» номинациясын қаламыздың жеке кәсіпкері Разия Құрманқұловаға табыстады.
Одан кейін Қаражал қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмаз Жақаев «Жылы жүрек» номинациясымен Қаражал қаласының ауруханасының мейірбикесі Айзада Жолшыбекованы марапаттады.
Келесі номинацияны табыстау Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Артем Кимге бұйырды. Яғни, «Жеңіс жолында» номинациясын «Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі дзюдо балалар-жасөспірімдер мектебі» КММ тәрбиеленушісі Қарлығаш Баяноваға табысталды.
Сондай-ақ, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов «Мейірім шуағы» номинациясын №7 ЖББМ тәрбиешісі Гауһартас Әбдірахманға табыстады. Келесі кезекте Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова «Жаңа леп» номинациясы жеңімпазын марапаттады. Атап айтсақ, «Жаңа леп» номинациясын Айгерім Асанова жеңіп алды. Жаңадан қосылған номинациялардың бірі «Жаңа леп», бұл – шығармашылықтың шыңына шыққан, мобилография өнері арқылы өз талантын әлемге паш еткен жандарға арналады. Олар – күнделікті өмірдің сұлулығын жаңа қырынан көрсетіп, бізге шабыт беретіні жасырын емес.
Шын мәнінде, «Жігер» – еліміздің болашағына зор үлес қосып жүрген жандардың еңбегін паш ететін айтулы алаң. «Жігер» сыйлығы – бұл тек марапат емес, бұл – еліміздің болашағына үлес қосып жүрген жастардың таланты мен еңбегіне деген зор құрмет.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ