Келелі кеңес

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары және жаңа жыл қарсаңындағы қауіпсіздік ережелері туралы мәселелер қаралған келелі кеңес Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтың төрағалығымен өтті.

Бірінші кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғазиз Төлеуов баяндама жасап, өңір басшысы өз кезегінде басқарма басшысына шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шараларын «Атамекен» палатасымен бірлескен түрде насихаттауды күшейтуді, «Даму» қорымен бірге импортты төмендетіп, керісінше ішкі нарықты өңірлік тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жобаларды қолдауды тапсырды.
Сондай-ақ, Дастан Рыспеков алты облыспен шекаралас мүмкіндігімізді пайдаланып транзиттік және туристік әлеуетті жақсартудың маңызын атап өтіп, Ұлытау аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына қатысты мал қорымдары мен сібір жарасы көмінділерін талапқа сай болуын қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, облыс әкімі алдағы мереке күндеріндегі қауіпсіздікті қазірден қамтамасыз ету шараларын қолға алуды міндеттеп, заңсыз сатылып жатқан пиротехникалық заттарды анықтау бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастыруды, түсіндіру және сақтық шаралары жұмыстарын күшейтуді, шыршалардың, декорациялардың, жарықтандыру және электр сымдарының қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Ел ішіндегі елелулі мәселелер барынша талқыланған келелі кеңес нәтижелі болғай.

Теректі ШАҒАТАЙ.