Қаражал қалалық мәслихатының «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Гауһар Наурызбаеваның ұйымдастыруымен «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы өтті. Акцияның басты мақсаты — көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балаларын оқу жылына дайындау болып табылады.
Аталған қайырымдылық акциясына Ұлытау облыстық мәслихат депутаты Айдос Серіков, Қаражал қалалық мәслихаттың Жәйрем кентіндегі депутаттары Марлан Шамбулов, Данияр Жақсыбеков, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-дағы Бастауыш партиясының мүшелері, «Өндіріс волонтерлері» тобы қатысып, Жәйрем кентіндегі бірқатар көпбалалы отбасындағы 30 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер тарту етті.
– Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні айдан анық. Ал көпбалалы отбасы болса ше? Әлбетте, мұндай жағдайда ата-ана барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы белгілі. Сондықтан да, әлеуметтік қолдауға зәру отбасыларды осындай акциялармен қолдап, демеп жіберу біздің азаматтық парызымыз деп санаймын. «Балаларды мектепке даярлайық!» деп акциямызды бастаған күннен бері «Өндірісші волонтерлер» тобы жұмысқа жұмыла кірісті. Осындай акция кезінде ғана емес, басқа уақытта да тұрмысы төмен отбасын азық-түлікпен, балаларды қыстық киіммен қамтып, тұрақты демеушілік көрсетіп тұратын азаматтардың бары қуантады. Бұл волонтерлардың барлығы дерлік «AMANAT» партиясының мүшелері, өте белсенді, елжанды жандар. Өздері қиын да күрделі өндірісте жүрсе де, қоғамдық жұмыстардан еш қалысқан емес. Осы жаңа оқу жылына дейін, жазғы демалыста жүрген оқушылармен де тығыз байланыста болатын волонтерлер, биыл «Балаға лагерьге жолдама сыйла» атты қайырымдылық акциясы шеңберінде аз қамтылған отбасылардың 6 баласына жолдама сыйлап, Алматы облысындағы «Ақбұлақ» жазғы сауықтыру лагеріне демалуға жіберді. Енді міне, тағы да сондай отбасылармен байланысты нығайтып, әлеуметтік көмекке зәру жанұялардың балаларына қажетті оқу-құралдар мен киімдер тарту етуде. Кейбір жандар ортақ қорға қаржылай көмек қосса, кейбір волонтерлер оқу құралы толтырылған сөмкелерді дайындап әкеп қосып жатты. Бірлік пен тірлік біте қайнасқан, балаға қуаныш пен күлкі сыйланған тамаша шараға қатысқан барлық демеушілерге, депутаттарға, кентіміздегі «Нұрислам» дүкенінің қожайындарына, осы істің ұйытқысы болып жүрген волонтерлер қауымына алғысым шексіз,- дейді «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Гауһар Наурызбаева.
— Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің көшбасшы партиясы дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып келеді. «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде бұл қайырымдылық акциясына қатысу мен үшін мәртебе. Аз қамтылған отбасы балаларын қуантып, оларға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп сөмкесін тарту еттім, — дейді «AMANAT» партиясының мүшесі, волонтер Гүлнаш Дүйсенбаева.
— Менің алты балам бар, оның төртеуі мектепке барады. Барлығына кеңсе тауарларын сатып алу үшін көп ақша кететін еді. Сондықтан, «AMANAT» партиясының көмегі, оның ішінде депутат Гауһар Наурызбаева ханым басқарып отырған «Өндірісші волонтерлер» тобы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ол кісілер балаларыма кеңсе жабдықтарымен қатар, мектепке қажетті киім-кешектер де сыйлады. Еліміздің бас партиясы біз секілді көпбалалы отбасыларды қиындықта жалғыз қалдырмай, балаларды мектепке жинауға көмектескені үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. ««AMANAT» партиясының «Балаларды мектепке даярлайық!» акциясы жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бізге ол үлкен көмек, — дейді алты баланың анасы, жалғызбасты ана Ақмарал Айтжанова.
Жаңа оқу жылының қарсаңында өткізілетін дәстүрлі акция кентімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне, білім аламын деген баланың жарқын келешекке кедергісіз жетуіне ұйытқы болмақ.
Жалпы жаңа оқу жылына дайындық науқаны Жәйрем кентінде өте қарқынды жүреді. Жергілікті үш мектеп өздерінің әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларына көмек берсе, Жәйрем ауруханасы 1 сыныпқа баратын 7 жұмыскерінің баласына оқу-құралдары салынған сөмке сыйлады. Ал «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымымен жасасқан Ұжымдық келісімшартқа сәйкес өзінде еңбек ететін көпбалалы 196 отбасының 870 баласына бала басына 20 АЕК көлемінде, баласы 1 сыныпқа баратын 89 жұмыскердің 92 баласына 10 АЕК көлемінде, жалғызбасты әкелер мен аналардың оқушы балаларына бала басына 20 АЕК көлемінде қаржылай көмек берді.
Теректі ШАҒАТАЙ.