Маңызды нысандарды аралады

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов аптаның басында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Ақтайда

Қазір Қаражал-Жәйрем өңірінде ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Әсіресе құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған су құбырлары мен кәріз желілерін жаңғырту бүгінде қала әкімінің басты назарында тұр. Аптаның басында қала басшысы Айқын Елеусізов Ақтай шағын ауданына су құбыры желілерін салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарымен танысты.
Орайы келгенде айта кетейік, Ақтай шағын ауданында №6 жалпы білім беретін орта мектебіне су тарту, сорғы станциясына трансформатор орнату жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жобаның құны – 384 652,63 мың теңге. Аталмыш жұмысты «Жаңа-Арқа-2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Жәйремде

Айқын Елеусізов сондай-ақ, Жәйрем кентіне жұмыс сапармен барып, ондағы кәріз желілерін қайта құру жұмыстарымен танысты. Кәріз желілерін жаңғырту жобасының құны – 3,4 млн теңгеге жуық. Жобаны іске асыру кезеңінде барлығы 29406 метр желі тартылады. Оның 26233 метрі өздігінен ағатын кәріз. Барлығы 465 құдық орнатылды. Мердігерлік ұйым – «Наладочный центр Теміртау» ЖШС.
Нысандарды аралау барысында шаһар басшысы мердігерге жұмысты кестеге сай жүргізіп, оны мерзімінде аяқтауды тапсырды. Бұл үшін жұмысшылар бригадасының санын көбейтуді міндеттеді.
Кентке сапары барысында Айқын Елеусізов «Абилова» жеке кәсіпкерлігіне де арнайы атбасын бұрды. Жеке кәсіпкер Гүлжазира Абилова кентте наубайхана ашып, нәпақа таппақ. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, наубайханаға керекті құрылғылар сатып алды. Қазіргі уақытта ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ізтай Белгібайұлы