Қаланың көркі — елдіктің белгісі

«Ауылына қарап – азаматын таны» деген тәмсіл бар ел ішінде. Астарында үлкен мағына жатыр. Тұрғылықты жердің кескін-келбетіне қарап сол жердің азаматтарына баға береді. Тоқ етерін айтқанда, қаланың көркі – елдіктің белгісі.

Қазір, шүкір, қай өңірде болмасын жағдай анағұрлым жоғары. Мүмкіндіктің бәрі бар. Көзін тап та пайдалан, жүзеге асыр. Бұл қаланы абаттандыруға да қатысты. Қай уақытта болмасын елді мекендерді сәулеттендіруге, абаттандыруға аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Тек, өз мақсатына жұмса. Соның нәтижесінде Қаражал-Жәйрем өңірінде де елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарға қолайлы, сәнді де сәулетті орта қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жолдар жөнделіп, аулалар жаңғыртылып, саябақтар абаттандарылып жатыр. Бұл жұмыстар биыл да қарқынды жүруде.
Аптаның басында қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов қаланы абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді. Қалада жолдардың құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні олардың 80 проценті аяқталып, пайдалануға берілді де. Сондай бір ауқымды жұмыс жүріп жатқан Қошқарбаев көшесі мен Средняя мекенжайындағы аула аумақтарын асфальттау жұмыстары да жақын арада аяқталады деп отыр.
Үстіміздегі жылдың көктемі кімге де болса сабақ боларлықтай болды. Сондай қауіп-қатердің алдын алу шаралары күні бүгіннен жасала бастады. Бұдан Қаражал қаласы да қалыс қалып отырған жоқ. Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Бұлқышев және Қошқарбаев көшелерінің үш учаскесінде су өткізгіш құбырлары орнатылды.
Қала әкімінің орынбасары осы жұмыстардың барысымен етене танысып, жауапты сала мамандары мен мердігерлерге нақтылы тапсырмалар жүктеді.