Жол құрылысы күзде басталады

Жуырда Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев өңірдің бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жұмыс сапары барысында Министр Жезқазған-Қызылорда автожолының жағдайын тексерді. Нәтижесінде Ұлытау облысы бойынша өтетін осы күрежолдың сегіз учаскесін салумен айналысатын төрт мердігер ұйымға биыл күзде жұмысқа кірісу міндеті қойылды. Қажетті материалды дайындауға жергілікті өндірушілер тартылатын болды.
Қазіргі уақытта мердігерлер арнайы техника мен жабдықтарды әзірлеуге кіріскен. Сондай-ақ, олар құрылыс материалдарын дайындап, карьерлер мен құрылыс алаңдарына қажетті жерлерді рәсімдеу үстінде. ҚР Көлік министрінің тапсырмасы бойынша аталған жұмыс түрлері бір ай ішінде жүргізілетін болады.
Орайы келгенде айта кетейік, Жезқазған-Қызылорда автожолының жалпы ұзындығы – 400 шақырымды құрайды. Оның – 208 шақырымы Ұлытау облысына тиесілі.