Өткен аптада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Ұлытау облысында болып, бірқатар кездесулер өткізді. Онда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтылған түйткілді мәселелер кеңінен тарқатылды.
Алғашқы кездесу облыстың имамдарымен өтті. Оған Ұлытау облысы аумағында қызмет етіп тұрған мешіттердің бас имамдары қатысты. Жиынды ашқан кеңесші Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» үшінші отырысында дәстүрлі діни құндылықтарымызға қатысты айтқан ойларын ортаға салды.
Мәлік Нұржанұлы сонымен қатар, өңірдің шығармашылық интеллигенция өкілдері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, БАҚ басшылары, жастармен кездесті. Кездесуде Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, қоғамдағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасылды.
– Ұлттық құрылтайда Президентіміздің бағдарламалық баяндамасы біздің шын мәнісіндегі қоғамның дамуына серпіліс беретін идеологиялық үлкен құжат деп есептеледі. Президентіміз қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп сол мәселелердің шешу жолдарын анық көрсеткен болатын. Негізінен бұл Ұлттық құрылтайдағы баяндамасы біздің алдағы уақыттағы жоспарларымызды жүзеге асыруға, мемлекеттің саяси идеологиялық бағытындағы жұмыстарға серпіліс беретін үлкен құжат. Ұлытау облысына арнайы келіп отырмын. Ең бірінші мақсатымыз Президенттің ықыласын жеткізу және сіздердің ұсыныс-тілектеріңізді Президентке жеткізу, – деді Президент кеңесшісі өз сөзінде.
Кездесуге жиналғандар Президент көтерген бірнеше мәселені ортаға салды. Жошы ұлысының 800 жылдығы да осы жиында тілге тиек етілді.
– Жошы ұлысын әлі де зерттеу керек. Археологиялық зерттеулер тоқтап тұр. Айтулы дата аясында Жошы ұлысының тарихын зерттеп, бекемдеу керек, экспедиция жасау қажет, – деген ұсынысын жеткізді жиында Ұлытау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов.
Облысқа жұмыс сапары барысында Президент кеңесшісі «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, Алашахан, Домбауыл кесенелері мен Ұлытау ауданында болып, тарихи орындарды аралады.
Ізбасар ОЙБАС.