Ұлттық құндылықтар дәріптелді

Өткен сенбіде ұлт ұясы – Ұлытау бөктерінде дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі өтті. Әрісі Түркістан облысынан, берісі қазыналы Қаражал өңірі мен жазиралы Жаңаарқадан арнайы көрермендер мен қатысушылар келген айшықты шарада ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, көпшілікті қызығына кенелтті.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш этнофестиваль ең алғаш 2012 жылы «Терісаққан көктемі» деген атаумен жалауын көтерген еді. Ұлт бесігінің қазақ тарихында алатын баға жетпес маңызды орнын кең тұрғыда дәріптеу, көне дәуірлерден жеткен тарихи мұра санатындағы ескерткіштерін таныстыру, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың қайталанбас бітім-болмысы мен ұлттық спорт ойындарының тартымдылығын насихаттауды мақсат еткен айшықты шара уақыт өте келе өңірлік, кейін облыстық сипатқа ие болды. Соңғы жылдары «Көкмайса» деген атауға ие болып, оған Ұлытау өңірімен іргелес жатқан аудан, ауылдардан да қатысушылар келіп, қанатын жая түсті. Тіпті, аудан, облыс шеңберінен шығып, Қазақстанның өзге де өңірлерінде аталып өте бастады.
Түп-тамыры ұлт руханиятының қайнарынан бастау алатын «Көкмайса» этнофестивалінің өзекті міндеті Қазақстан аумағына шетелдерден келетін туристер мен ел азаматтарын Ұлытаудың шежірелі тарихы мен құнды ескерткіш-жәдігерлерін қызықтауға тарту арқылы келешекте туризм саласын дамыту. Соған орай, тағылымы терең іс-шара барысында өңірдің ауасы мен суының, тұма табиғатының адам ағзасына таптырмас дәру екендігі әспеттелді. Сырт келбеті келісті, ішкі безендірілуі кез келген кірпияз жанның көңіліне шуақ ұялататын еңселі киіз үйлерде меймандос пейілмен жайылған көл-көсір дастарқан жайлау төсінде өрген төрт түліктің еті мен сүтінен өндірілетін табиғи тағам түрлерінің аса құнарлы екендігін айғақтады. Этнофестивальде сонымен қатар, өңір тұрғындарын туризмнің ерекшеліктері мен оған қатысты талаптарды жете зерделеп, меңгеруге бейімдеу, өз кәсібін ұйымдастырып, жүргізуге қабілетті іскер азаматтарды туризм саласындағы кәсіппен шұғылдануға бағыттау жайына да басты меженің бірі ретінде айрықша көңіл бөлінді.
Міне, өзіне осындай зор міндеттер жүктеген дәстүрлі фестиваль қасиетті Көктөбенің баурайындағы «Шыңғыс алаңында» тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіретін облыстық фестиваль барысында қымызмұрындық рәсімі, киіз басу, ши тоқу, ұсталық өнер, арқан есу, қамшы өру сынды дәстүрлеріміз бен бұл күндері ұмытыла бастаған зергерлік өнер, домбыра жасау ұлттық қолөнер түрлерінен және қымыз ашытудан шеберлік сағаты өтті.
– Жыл сайынғы дәстүрге айналып келе жатқан «Көкмайса» этнофестивалі пандемия уақытында үзіліп қалып еді, биыл қайта жаңғырып қуанышымызды еселеп жатыр. Осы жылы жүлде қоры 4 000 000 теңгені құрайды. Соның аясында 11 спорт түрінен жарыс ұйымдастырылды. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді фестивальдің ашылу салтанатында Ұлытау облысы әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Ыдырысов.
Этнофестиваль идеясының авторы, өлкетанушы Бақтияр Қожахметовтің айтуынша «Көкмайсаның» қазір ауқымы кеңею үстінде.
Ұлттық сусынымыз – қымыздың қасиетін дәріптейтін дәл осындай іс-шараны ұйымдастыруда соңғы үш жылда Ақмола облысының Атбасар, Степногорск, Қорғалжың, Ерейментау және Павлодар облысының Шарбақты аудандары белсенділік танытып келе жатыр.
Ресми ашылудан соң көптен күткен фестиваль қызығы да басталды. Жұртшылық әуелі қазық қағу, желі майлау, құлын байлау рәсімдерін тамашалады. Бұдан соң бие сауылып, қымыз ашыту рәсімі көрсетілді. Оның көпшілік біле бермейтін қыр-сыры мен қымыз ашытуға қатысты аңыз-әпсана да айтылды.
Келесі кезекте сахнаға әр аймақтан жиналған «мешкейлер» шықты. Олардың бір тобы қымыз ішуден жарысса, енді бір тобы алдарына тартылған табақтағы қой етін жеп жарысты. Жеңімпаздар ақшалай сертификатқа ие болды.
Бұл күні білекті де жүректі жігіттер боз кілемде белдесті. Садақшылар жақ тартып, нысана көздеді. Енді бір жерде балалар асық атып, мергендікке сынасты. Мұнда да жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Көкмайсада» әуелетіп ән шырқалып, мың бұралған би де биленді. Жиналған қауым алтыбақан теуіп, қызыққа кенелді. Ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, қолөнер түрлерін тамашалады. Осылайша, көптен күткен «Көкмайса» көпшілікті тағы да тәнті етті.
Тақырыпты
тұздықтау

Қыш құмыралар – көненің көзіндей

Қыш құмыралар десе, археологиялық қазбалар кезінде табылған ернеуі жарылған, сынған құмыралар көз алдымызға келеді. Жалпы, қыш құмыралар Қазақстан жерінде неолит дәуірінен бастап белгілі. Бір қуаныштысы, соңғы кездері осы көненің көзіндей болған қыш құмыраларды, жалпы, қыш бұйымдарын жасауға жастар да талпыныс жасап жатыр. Солардың бірі қыш бұйымдар жасау шебері – Салтанат Сыздықова.
«Көкмайса» фестиваліне келген көшпелі көрмеде осы Салтанат Қуатқызы шеберлік сыныбын өткізіп, қыш құмыраны жасаудың құпиясымен бөліскен еді.
– Қазіргі мен жасап жүрген қыш бұйымдары мен көне қыш бұйымдарының айтарлықтай айырмашылығы жоқ, технологиясы бір, бірақ күйдіру процесінде ғана ерекшеліктер бар, ертеректе отқа салып күйдірген болса, мен арнайы пеште күйдіремін, – дейді қыш шебері. Шеберден қыш өнері туралы сұрадық, ұлттық өнер мұрасының қыр-сыры, ерекшеліктері, қолданылу аясы турасында әңгіме қозғадық.
– Мен, негізінен, сұранысқа сай келсе, таба, құмыра секілді тұрмыстық бұйымдар жасай беремін. Бұрын ата-бабамыз қыш бұйымдарды пайдаланған, қазір ғой Қытайдан, басқа елдерден әкелінген шыны ыдыстарға құмар болып кеттік. Олардың химиялық құрамы да бізге белгісіз. Ал балшықтың химиялық құрамы зиянсыз, табиғи өнім. Саз құрамында кальций мол болады екен, сондай-ақ, оның құрамындағы радий элементі ағзадағы зиянды заттарды ыдыратуға көмектеседі екен. Жалпы, кейбір Азия елдерінде қыш өнері жақсы жолға қойылған. Мәселен, Үндістан, Өзбекстан халқы қыштан ыдыс жасап, күнделікті тұрмыста пайдаланып отыр.
Сонымен бірге, кәдесыйларға сұраныс бар. Неше түрлі кәдесый жасауға тырысамын. Ең бастысы, тұтынушының қалтасы көтеретіндей қылып жасаймын. Шағын қыш мүсіндерін, құмыралар, жан-жануарлар мен рулар таңбасы бейнеленген шағын бойтұмарлар жасаймын.
Рас, өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Ең бастысы бұйымдар жасайтын қышты Алматыдан алдырамын. Жергілікті жердің саз балшығының құрамын әзірге зерттеп көргенім жоқ. Түбі оған да ораламын, – дейді Салтанат ағынан жарылып.

Атадан қалған
асыл мұра

Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнері, оның ішінде – ши тоқу.
Ши тоқу (орау) – бұрын және қазіргі кезде қазақ халқы мен Орта Азия халықтары арасында кеңінен тараған өнер. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін тоқылған ши қазірге дейін кеңінен пайдаланылып келеді.
Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сондай-ақ, үй ішіндегі ыдыс-аяқ, ошақ басын қоршай қоюға әртүрлі үй шаруашылық мүддесіне кеңінен пайдаланылады.
Этнофестивальде «Ұлытау» тарихи-мәдени және таби­ғи ұлттық қорық-мұражайының қор сақтаушысы – Бақыткүл Бай­мағамбетова ұлттық қолөне­ріміздің осы бір күрделі саласының қыры мен сырын баяндады.
– Қазақ халқының қолөнері саласында ши тоқу, оған боялған түрлі-түсті жүн орап, өрнектеп безендіру ісі ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық өнері болып табылады.
Ши сырт көрінісіне қарай – ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Олардың әрқайсысы өз орнымен әртүрлі мақсатқа пайдаланылады.
Атап айтқанда, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе құрт, ірімшік т.б. жаю үшін қолданылатын болса, ұзына бойы әр түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһаздарының бірі болып табылады. Ал өн бойы тұтас емес әр жерінен аралатып оралған шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды. Бұл да ши сияқты сәндік жиһаздарының бірі.
Халқымыздың шиді үйге тұтынуының тағы бір қажеттілігі – улы жәндіктерден қорғануы. Ши тұтылған үйге шаян, жылан, қарақұрт кіре алмайды. Өйткені, шидың сырты жүнмен оралады. Әлігіндей жәндіктер жүнге жоламайды екен, – дейді Бақыткүл Боранбайқызы өз әңгімесінде.

P/S: Хоош. Сонымен, көптен күткен «Көкмайса» этнофестивалі көпшілікті өзінің қызықтарымен тағы бір мәрте таңдандырды. Фестивальге келген жұрт түрлі көрмелер мен ұлттық спорт ойындарын тамашалап қана қоймай, оған өздері де белсене қатысты. Фестиваль аясында өткен 11 ұлттық спорт түрінің бірқатарына Қаражал қаласының да жастары қатысып, қазыналы өңірдің мерейін үстем етті. Атап айтқанда, Асылан Мұхаметжанов қазақ күресінен түйе балуан атанды. Ол финалда 2017 жылы «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиевты ұтты.
Сондай-ақ, желке тартыста жәйремдік жігіт Рахат Ханафин бірінші орын жеңіп алды. Ал, спорттың осы түрінен қаражалдық Қайрат Хамзин үшінші орынға табан тіреді. Арқан тартыстан да Қаражал командасының бәсі жоғары болды. Тағы бір сайыстың түрі – жілік жарудан жәйремдік Рахат Ханафин үшінші орынды қанжығасына байлады.
Осы орайда тағы бір мақтан ететін жайт, қошқар көтеруден қаражалдық азамат Қайрат Хамзин 125 келі қошқарды 15 рет көтерді. Осылайша қаражалдықтар өңірге қосақты ұтыспен оралды.