Әуресі көп әлеуметтік желі немесе ұялы телефонның пайдасы мен зияны

Бүгінде ел ішінде «Соткасыз адам, соскасыз баламен тең» деген бейнелі сөз қалыптасты. Әрине, бұл ұғым өздігінен туған жоқ. Қазір екінің бірі ұялы телефонға телміріп, әлеуметтік желілерге тәуелді болып алды. Тоқетерін айтсақ, адамзат атаулының телефонсыз таңы атып, күні батпайтын болды. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың пайымдауынша, қазір ел әлеуметтік желіні төрт түрлі мақсатта қолданады екен. Бірі осы әлеужелі арқылы танысып, «бағы ашылып» жатса, енді бірі ұялы телефон арқылы жұмыс істеп, табыс табуда. Ұялы телефонды байланыс құралы ретінде пайдаланатындар мен әшейін ермек ететіндер – өз алдына бір төбе.

«Тәуелділік» дерті

Жасын да, жасамысын да «тәуелділік» дертіне ұшыратқан әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны туралы жан-жақты зерттеген әлем ғалымдары көп жағдайда виртуалды өмірдің соңы қайғы мен өкінішке әкеліп соғатынын дәлелдеді. Мәселен, дүниежүзі бойынша жыл сайын 100 жасөспірім ғаламтордағы жазбасы үшін өз-өзіне қол жұмсайтыны анықталған. Осылайша, әлеуметтік желіге байланған жастардың өмірі қыршынынан қиылуда. Қазір әлемдегі жеті миллиардтан астам халықтың 42 пайызы бос уақытын телефонға телмірумен өткізеді екен. Ал, әрбір секунд сайын кем дегенде сегіз адам «Фейсбук», «Вконтакте», «Твиттер», «Мой мир» сияқты тағы басқа желілерге тіркеледі. Бұл деректер – халықтың әлеуметтік желінің жетегінде кеткенінің бір көрінісі.

 

Балаларға абай болайық

Ең сорақысы сол, бүгінде еліміздегі кәмелеттік жасқа толмаған балалардың 80 пайызы түрлі әлеуметтік желілерде тіркелген. Ал, олардың ғаламторда кімнің «жетегінде» жүргенінен ата-аналары мүлдем бейхабар. Әрине, «балам ештеңеден тарықпасыншы» дейтін ата-ананың жұмыстан қолы босамайды. Десе де, балаңыздың кіммен араласып, бос уақытында немен айналысып жүргенін қадағалау – ата-ананың басты парыздарының бірі екенін естен шығармағанз абзал.

 

«Денсаулық – зор байлық»

Мамандар мынадай да пайымдар жасап отыр. Ғаламторды күніне 1,5 сағаттан артық пайдаланатын адамдар басқалармен салыстырғанда депрессияға жиі түседі екен. Тіпті, олар ешқандай хабарлама келмесе де, 15 минут сайын жеке аккаунтына бірнеше мәрте кіретін көрінеді. Ал күндіз-түні телефонды жанынан тастамайтын адамдардың 90 процентіне вибрацияның дауысы естіліп тұрады екен. Негізі, дәрігер мамандардың ұсынып отырған тұжырымына сүйенсек, телефонға телміріп отырудың соңы бас пен арқаның ауруына, ұйқының бұзылуына, сондай-ақ, асқазан-ішек жолдары ауруларының туындауына әкеліп соғады.

 

«Лайк» баспаса ауыратындар да бар

Тәуелділік дертінің тағы бір түрі – «лайкке» тәуелділік». Бұл дертке ұшыраған қыз-келіншектердің 78 пайызы «Инстаграм» желісіне тіркелген. Ал, соңғы жылдары түрлі оқиғаларды талқыға салып, салмақты пікір алмасатын ортаға айналған «Фейсбукті» 125 800 қазақстандық пайдаланады екен. Сондай-ақ, «Мой мир» желісінде 150 мыңнан астам адамның жеке аккаунты бар болса, «Твиттерді» 16 600 адам белсенді түрде қолданады. «Ең қызығы, бүгінде әлеуметтік желілерді пайдалатын зейнеткерлердің қатары да жыл санап көбейіп келеді» дейді мамандар.

 

Отбасының ойраны да осыдан

Мамандардың пайымдауынша, отбасындағы ойранның шығуына да осы әлеужелі себепкер екен. Әрбір үшінші отбасылық жұп осының кесірінен ажырасып тынатын көрінеді. Себебі, уақытының көбін ұялы телефонға телміруге сарп еткен адамдардың отбасына көңіл бөлетін уақыты жоқ. Соның салдарынан ұрыс-керіс басталып, жастар екі жаққа кетіп тынады. «Сондықтан отбасындағы береке-бірлікті сақтап, балаға дұрыс тәрбие бергіңіз келсе, телефонға тәуелділіктен бас тартқан абзал» дейді олар.

Мамандар әлеуметтік желіде танысқан қыз бен жігіттің онлайн кездесуі жөнінде де жақсы пікірде емес екендерін жеткізуде. Онлайнда әдемі болып көрінген арумен кездескен жігіт кейін хабарсыз кететін көрінеді. Өйткені, фотошоптың көмегімен бет әлпетін әдемі етіп көрсеткен бойжеткеннің шынайы өмірдегі келбеті мүлдем басқаша болып шығады. Бұдан бөлек, онлайн танысқан жастардың жауапкершілік сезімі төмен болады, – дейді психолог мамандар.

 

Табыс – телефоннан

Әрине, қолынан іс келетін адамға ғаламтордың берер пайдасы көп. Қазір «Инстаграм» мен «Фейсбук» әлеуметтік желілері арқылы жарнама жасап, тәп-тәуір табыс тауып жүргендер аз емес. Олар әсіресе кондитерлер. Өздері пісірген торттары мен тәттілерін әлеужелі арқылы жарнамалап, тапсырыс та қабылдап жатады. Оны өзіміз күнде көріп те жүрміз. Кәсібінің несібін үйден шықпай-ақ көріп отырған олар әлеуметтік желіні тек жарнама жасау үшін ғана пайдатын көрінеді.

Әрине, ретін тапқан адамға табыс көзін әкелетін интернеттің жақсысын үйреніп, жаманынан жиренгеніңіз абзал. Бүгінгідей нарық заманында ғаламтордың игілігін пайдаланып жүрген азаматтардың бұл ісі құптауға лайық.

 

«Дерттен» қайтсек құтыламыз?

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, қазір елімізде төрт миллионға жуық қазақстандық «интернетке тәуелділік» дертіне шалдыққан. Ал олардың бұл дерттен айығуы үшін не істеу керек? Бұл – өте күрделі сауал. Психолог мамандар оның жолын да айтып отыр. Естір құлақ болса. Олардың айтуынша, балалардың бос уақытын қызықты өткізуге көмектесетін арнайы орталықтар қажет. Яғни аула клубтарының, түрлі үйірмелердің жұмысын жандандырып, оған балаларды көптеп тарту қажет. Бұған ата-аналар да мүдделі болғаны абзал. Ұлым мен қызым қатарластарынан қалмасыншы деп соңғы үлгідегі телефон мен компьютерді алып бергенмен дүние түзеліп кетпейді. Керісінше, әлгі «тәуелділік дерті» осыдан басталады.

Екіншіден, ересектердің өзі үйде ұялы телефонға байланғанды доғаруы керек. Бір мезгіл отбасымен, балаларымен шүйіркелесіп, көңіл бөлгендері жөн. Балаға көңіл бөлінбеген жағдайда, ол өз-өзінен тұйықталып, ашуланшақ болып кетеді. Кейде жасөспірімдер үлкендермен ішкі сырын ақтарып, әңгімелесейін десе, ата-анасының қолы телефоннан босамай жатады. Соның салдарынан, баланың санасында: «Ата-анам мені жақсы көрмейді» деген түсінік қалыптасып, отбасында өзін жалғыз сезінген жасөспірім әлеуметтік желінің шырмауына түсіп қалады. Ал, мұның соңы жақсылыққа жеткізбейді.

P.S. Виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арасы – жер мен көктей. Сондықтан әлеуметтік желінің «әлегіне» әуестеніп, отбасы мен туған-туыстарыңыздан жырақ қалып жүрмеңіз. Ең бастысы балаларыңызға айрықша көңіл бөлуді ұмытпаңыз!

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ