Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Бизнес бастау – 2021-2025 жылдар үшін» арнайы бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жеңілдетілген несие түрлері, қайтарымсыз гранттар, тегін оқу курстары қарастырылған. Әр жеке кәсіпкердің осы бағдарламалар арқылы мемлекеттен көмек алуларына үлкен мүмкіндіктер бар. Ұлытау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасының Қаражал қаласындағы филиалы 2023 жылдың ақпан айында құрылып, кәсіп бастаймын және кәсіпкер боламын деген азаматтарға ақпараттық кеңес, құжаттардың заңдылығын тексеру және мемлекеттік бағдарламаларға қатысатын кәсіпкерлерге сүйемелдеу қызметтерін көрсететін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» жұмыс көрсетуде.
Филиалдың мақсаты – кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнату, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас көпірі болу. Атап өтсек, тек 2023 жыл қорытындысы бойынша ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бойынша филиалмен 130 кәсіпкерлер және жеке тұлғаларға 647 кеңес көрсетілген, оның ішінде қаржы институттарын сүйемелдеу, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңестер беру, ұсынылған құжаттардың дұрыстығын анықтау, тағы да басқа қызметтер көрсетілген. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша 61 кәсіпкерге 305 кеңес ұсынылған. Қаражал қаласы, Жәйрем кенті және шалғай орналасқан кент, шағын ықшам аудандардан келген тұрғындардың құжаттарының заңдылығын тексере отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, басқа да құжаттарын жинау барысында ұдайы түрде кеңестер берілуде. 2023 жылдың басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несиелер (2,5% және 6%) Жезқазған қаласында орналасқан «Агронесие корпорация» АҚ филиалы арқылы барлығы 53 жоба қолдау тауып, жалпы сомасы 463 888 000 теңгеге несиеленуге өтініш жіберілді. Оның ішінде «Агробизнес» бағдарламасымен 1 жоба сомасы 8 800 000 теңгеге, «Жастар 21-35 жас аралығында» бағдарламасы арқылы 25 жоба 121 800 000 теңгеге, «Іскер» бағдарламасымен 23 жоба 103 544 000 теңгеге, «Іскер реинвест» бағдарламасымен 4 жоба сомасы 25 800 000 теңгеге филиал тарапынан қолдау тауып, несиеленген.
Биылғы жылға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 23 жоба жолданған, 8 жоба қаржыланды, 15 жоба мақұлданып, өз кезектерін күтуде. Палатаның мұрындық болуымен кәсіпкерлердің өнімдерін аймақ төңірегінде ғана емес, облыс төңірегінде танылуы мақсатында, қаламыздан облыстық көрмелерге кәсіпкерлер өз өнімдерімен байқауларға, көрмелерге апарып, қатысып келеді. Филиал несиелендіру бағдарламалары бойынша кеңес беруден басқа кәсіпкерлермен бірге мерекелік және әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қаланың қайырымдылық (жағдайы төмен отбасыларына азық-түлік қоржындарын тарату), мерекелік іс шаралар: Наурыз мейрамы, Жеңіс күні, Балалар күні, Қаражал қаласының 60 жылдығында және тағы басқа көптеген іс-шараларында белсенді қатысып, үлкен үлес қосып жүр. Кәсіпкерлер палатасы тек Қаражалда емес, Президентіміздің «Халыққа жақын, оның мұң-мұқтажын ести білетін үкімет құру» ісінің жалғасы ретінде Жәйрем кентіне, Шалғы кентіне және Ақтай ықшам ауданына жоспарға сәйкес шығып, жергілікті халықпен кездесіп, жеке қабылдаулар жүргізіліп тұрады. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында прокуратура органдарына кәсіпкерлердің өтініштерін тиісті түрде қарауды, кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласып, олардың құқықтарын шектеген жағдайда прокуратура органдарына жүгінуді тапсырды. ҚР Конституциясының 26-бабына сәйкес, әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Осыған орай Қаражал қаласы прокуроры Д.Бөлекбаевтың өкімімен ағымдағы жылдың қаңтар айында Қаражал қаласы кәсіпкерлік Палатасы филиалымен бірігіп мобильді топ құрылған, тәуліктің 24 сағатында сенім телефоны жұмыс істеуде. Атап өтуге тұрарлық жаңалық, 2023 жылдың екінші жартыжылдығында кәсіпкерлер Палатасының ұйытқы болуымен, Қаражал қаласының мәслихаты депутаттарының қолдауымен 2024 жылдың басынан бастап бөлшектік салық мөлшері 50 пайызға, яғни 4%-дан 2%-ға төмендетілді.
Ұлытау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қаражал қаласы филиалы, Қаражал қаласы, 24 орам, 4-ғимарат «Өркен Атасу» ЖШС ғимаратының сол жақ қапталы, 1-қабатында орналасқан.
Ерсін Нүркен,
Ұлытау облысы «Атамекен»
кәсіпкерлер Палатасы
Қаражал қаласындағы
филиал директоры.