Қаламыздағы жалғыз банк – «Халық банкі». Атына заты сай бұл банк жүз жылдық тарихында халықпен қатар талай қиыншылықты бастан өткерді. Кез келген адам күнделікті қаржылық мәселені сол банк арқылы шешетіні де ақиқат. Жалақымызды да осы банктен аламыз, қоммуналдық және басқа да төлемдерді жасаймыз. Бірақ, сол қаржылық ұйымның күрделі екенін түсінудің өзі оңайлыққа түспейді. Сол қызыл еңбектің әржағында банк қызметкерлерінің маңдай терлерін де жоққа шығара алмайсыз. Осы банктің суығына да, ыстығына да шыдап келе жатқан қаншама қаржыгерлер, банк қызметкерлері бар. Солардың бірі де бірегейі – Бибігүл Құйқабаева.
1984 жылдан бастап Қаражал қаласының Орталық жинақ кассында бақылаушы кассир болып еңбек жолын бастаған. Қызметіне де, отбасына да тынымсыз, әрі адал еңбек етіп жүрген арлы қаржыгеріміз 40 жылдан астам уақытын дәл осы салаға арнаған екен. Қаржыгер – қаржы саласында жұмыс істеп, ақша қаражаттарының дұрыс жұмсалуын қадағалап, табысты көздейтін мамандық. Демек, қиыншылығы мен ауыртпалығы аз емес қызмет екені айдан анық. Иә, қызметкер келіншектің отбасындағы қарекет қызметке немесе керісінше жұмысы отбасылық өміріне кедергі келтіретін шығар деген сауал ойымызға түседі. Алайда, екеуін де тең алып, үлгеріп жүрген осындай қызметкер аналарымыздың ісін құп алмай қайда барамыз?! Қоғамға, халыққа таптырмас мамандар десем де артық емес екенін әрбіріміз сеземіз.
– Әлбетте, қиыншылығы болмайтын сала түрі жоқ. Әр мамандықтың өз қиыншылықтары болады. Қаржы маман иесі әрқашан үлкен сомадағы ақша қаражаттарымен жұмыс жасайды, сол себепті қаржыгер бойында адалдық қасиеті болуы тиіс. Өйткені, ақша деген құнды қағаз адамның көзін қызықтырып, ойын бұзуы мүмкін. Қаржы саласында жұмыс істеп жүрген мамандар әлемдегі экономикалық өзгерістерді, экономикалық жағдайлардың барлығын біліп, меңгеруі тиіс. Ал бұл жағдайда өзгерістер күнделікті болуы мүмкін. Бұл менің емес, бас кейіпкерімнің сөзі.
Ұжымда адал еңбеккер, ортасына сыйлы әріптес, отбасында мейірманды ана, асыл жар бола білген Бибігүл Жабыққызы, бүгінде бақытты да асыл әже. Өзіңіздей абзал жанға осындай қуанышты күні ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан болсын деп тілейміз. Жүзіңіз күндей күлімдеп, жүрегіңіз жаздай жайнасын, жанарыңыздан әрдайым нұр себелеп, жаныңыз шаттыққа кенелсін демекпіз. Шаңырағыңызға шаттық ұялап, босағаңыздан қызық-қуаныш арылмасын деген ақжарма тілекке өзіңіздің сүйікті әріптестеріңіз де қосылады.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ