«Журналист болуды армандадым…»

Біздің кейіпкеріміз, «Өркен-Атасу» кәсіпорнының маркшейдері Иван Ивановтың мемлекеттік тілді жетік меңгергені сонша, ол қазақ ақындарының алыптары Абай мен Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқиды. Қазақ тілін бала жастан үйренген ол ынта болса тіл үйренудің еш қиындығы жоғын айтады.

– Мен Қаражал қаласында тудым. Бірақ балалық шағым Жәйрем кентінде өтті. Сол жерде он жылдықты бітірдім. Өскен ортам қазақи орта болды. Менен басқа орыс баласы болмады да, қазақтың балаларымен ойнап өскендіктен тілім де қазақша шықты. Өсе келе бір қазақтан кем сөйлемейтін болдым, – дейді Ваня бізбен әңгімесінде.
Бір қызығы орыс мектебіне барып, он жылдықты орысша бітіргенімен күні бүгінге дейін қазақша сайрап жүр. Мектепте жүргенінде қазақ тілінің мұғалімі Ваняның мемлекеттік тілді жақсы білетінін байқап, тереңдете оқуына мүмкіндік жасаған екен.
– Өзге сыныптастарыма қарағанда маған қазақ тілін тереңдете үйрететін мұғалім. Қазақ сөзінің мәніне мән беруге дағдыландырды. Кейін соның пайдасын көрдім. Мектепте оқып жүргенде «Абай оқулары», «Мұқағали поэзиясы» сынды байқаулар өтетін. Осы байқауға қазақ тілі мұғалімі мені дайындап, қатыстыратын. Сонда бір аңғарғаным, өлеңді жай жаттап алып айту бір басқа да, сол өлеңнің сөздеріне мән беріп, ұғынып айту бір басқа екен, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Иван Иванов 2014 жылы қазақ тілін өзге ұлт өкілдері арасында насихаттау мақсатында өткен байқауда Қарағанды облысы әкімінің лауреаты атаныпты. Жезқазған қаласындағы Қазақ-Түрік лицейі ұйымдастырған қазақ тілінен шығарма жазуда да Ваня жүлделі екінші орынды жеңіп алған.
– Ол екінші орын болғанымен, бірінші орынға пара-пар болды. Өйткені, байқауда ешкім бірінші орын алмады. Мен екінші орын алдым. Ал, өзгелері үшінші және ынталандыру орындарын місе тұтты, – дейді ол мектеп өмірінің қызықты сәттерін еске түсіріп.
Ваня мектеп бітірген соң журналист болуды армандапты. Бірақ, сол кездері Қаражал-Жәйрем өңірінде журналист мамандығына сұраныстың жоқтығынан өндіріс саласына бет бұрдым дейді. Ол қазір «Өркен-Атасу» кәсіпорнында маркшейдер болып жемісті еңбек етіп жатыр. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде Ваня жерлестеріне ашық аспан, береке мен бірлік және мықты денсаулық, отбасылық бақыт пен татулық тілейді.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.