Махаббатта шекара жоқ

Менің есімім Ақерке. Мен Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығының директорымын. 2021 жылы мен өмірлік серігімді кездестіріп, тұрмыс құрған болатынмын. Біздің отбасымыздың ерекшелігі, біз интернационалдық отбасымыз.

Менің жарымның ұлты орыс. Махаббатта шекара болмайды. Бала кезімізден көршілес болып тұрған едік. Тұрмыс құрып, отбасы боламыз дегенде әке-шешем қарсылық танытпады.
Қазір біздің кішкентай 2 жасар қызымыз бар. Жарым басқа ұлт өкілі болып табылғанымен, қазақшаға судай. Кішкентай кезінен дзюдомен айналысып, сол жерде қазақ балаларымен көп араласты. Қазақ тілін жақсы меңгеріп қана қоймай, біздің салт-дәстүрімізді ұстанады. Ол Исламды қабылдап, 5 уақыт намазын қаза қылмай келеді.
Үйде біз баламызбен және өзара тек қазақша сөйлесеміз. Ол қазақ тілін өз ана тілі деп есептейді. Қазіргі күні екі жақтың туыстары бір-біріне сыйластықпен қарап, бірін-бірі қонаққа шақырысып, екі ұлттың салт-дәстүрін құрметтеп жүреді.
Болашақта қызымызды қазақ мектебіне береміз деген ниеттеміз. Ұлттың айырмашылығына қарамастан, біз бір-бірімізді сүйеміз және сыйлаймыз.

Ақерке СТЕПАНЧЕНКО,
Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығының
директоры.