Казгидрометтің мәліметі бойынша ағымдағы жылы жоғарғы өрт қаупі сақталады. Осыған байланысты аппарат жиынында ағымдағы жылы өрттен келетін қауіптің алдын алу мақсатында іске асырылатын бірқатар іс-шаралар жоспары да ортаға салынды.
Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық шаралары туралы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Есен Байыров баяндады. Оның сөзіне қарағанда өңірде дала өртінің, сондай-ақ, ұйымдар мен елді мекендердегі өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында Департаменттің 32 бірлік негізгі мақсаттағы, 1 бірлік арнайы мақсаттағы, 9 бірлік қосымша мақсаттағы техникалары, 2 дана тіркемелі «Ермак» жоғарғы қысымдағы су беру құрылғысы, 65 бірлік ранцты су шашу құрылғысы және 107 жеке құрамы әзірлікте. Сонымен қатар, қалалар мен аудандардың әкімдіктері 1288 адамнан тұратын 33 ерікті өртке қарсы құралым жасақтаған.
– Айта кететін жайт, ерікті өртке қарсы құралым жарақтандыруында 349 бірлік бейімделген, 26 мотопомпа, 266 аспалы өрт сөндіргіш, 542 хлопуш құралы бар. Бүгінгі таңда облыс аумағында 21 өрт сөндіру бекеті құрылды, ол 47 елді мекенді өрттен қорғаумен қамтамасыз етеді. 2024 жылы Ұылтау және Жаңаарқа аудандарында тағы 3 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарда. Бекеттердің материалдық-техникалық жарақтары 27 бірлік АЦ өрт сөндіру автокөлігі, 8 дана тіркемелі су тасу құралымен жабдықталған, – дейді Есен Байыров.