Күн жылынған сайын өңірде қызыл су бсау қаупі күшейе түскен. Осыған орай облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы шұғыл кеңес өткізіп, су басудың алдын алудағы кезек күттірмейтін міндеттерді пысықтады. Қала, аудан әкімдеріне нақтылы тапсырмалар жүктеді.
– Қызыл су басып жатқан жолдарда қажет болса, полиция департаментімен бірлесіп автокөлік қатынасын шектеу қажет. Адам қауіпсіздігі – бірінші орында. Елдімекендер тұрғындарын азық-түлікпен қамту, шұғыл жағдайда қатынауына Төтенше жағдайлар департаментімен бірге керекті көмек қолын созуды тапсырамын, – деді өңір басшысы кеңесте.
Жиында аймақ басшысы кезекшілік жұмыстарын түнгі мезгілде күшейту міндетін алға қойды. Бұл шаралар әсіресе жолдарды қызыл су шайған өңірлерде күшейту қажеттігі айтылды.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі күні өңірдің барлық бағыттарындағы жолдар қатаң бақылауда. Әсіресе су басу қаупі бар аймақтарда бұл жұмыстар жіті жүргізіліп жатыр. Мәселен, Жезқазған – Петропавл автожолының (Арқалық арқылы) 137-149 шақырымында қауіпті учаскелерді су басудан сақтау үшін бекіткіш біліктер орнатылуда. Ол үшін 1 тиегіш және 1 шансиман жұмылдырылды.
Аталмыш автожолдың 137-252 шақырымы ГАЗель автокөлігінің көмегімен, 120-163 шақырымы «Нива» автокөлігінің көмегімен патрульдік бақылауда. Патрульдеу жұмыстары үшін барлығы 7 бірлік көмекші персонал жұмылдырылды.
Өңіріміздегі кейбір облыстық маңызы бар жолдарды су басу фактілері де тіпкеліп отыр. Бұл өңірлерде мердігерлердің күшімен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ескерту белгілері қойылған.
Ізбасар ОЙБАС.