Наурыз – жыл басы, жаңаның бастауы. Еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды көлемде тойланатын Наурыз мейрамы биылдан бастап жаңа сатыға көтерілді. Олай деуіміздің себебі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасын бекітіп, Наурызнама онкүндігін жариялады. Наурызнаманың әр күнін ұлттық құндылығымызды дәріптейтін тақырып аясында тойлау ұсынылды.
Мемлекет басшысы бекіткен Наурызнама аясында кентімізде де бірқатар іс-шаралар жоспары құрылып, Наурыз мейрамын ауқымды көлемде тойлау бойынша қызу жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, Қайырымдылық күні аясында Жәйрем кентінің жеке кәсіпкерлері әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға қажетті азық-түлік қоржындарын табыстады. Сонымен қатар, кентіміздегі ерекше күтімді қажет ететін балаларға кент әкімдігі атынан және кент әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ тарапынан «Наурыз кәде» сыйлықтары берілді.
Халқымыздың ұлттық киімі – қашан да маңызын жоғалтпаған құндылық. Биылғы Наурыз мейрамын тойлаудағы басты ерекшеліктің бірі – Ұлттық киім күнінің белгіленуі еді. Бұл күн еліміздің барлық өңірінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды десек қателеспейміз. Осы орайда, кент мекемелері бірыңғай киімдер тіктіру арқылы тұрғындар арасында ұлттық киімдерді дәріптеп, оған жаңа тыныс берді.
21 наурыз күні кентіміздің мәдени-сауық орталығы алаңында «Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз!» атты кент әкімінің қатысуымен театрландырылған концерт ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама қойылыммен ашылып, келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Қойылымнан соң кент әкімі Қайрат Амангелдіұлы кент тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ұлы мейрамға арналып мәдени-сауық орталығы алаңында әртүрлі мекемелер тарапынан 9 киіз үй бой көтерді. Кент төрінде тігілген ақ үйлер барша халықтың назарына ілігіп, әрбір қонақтың көңіліне қуаныш сыйлады. Наурыз мейрамының құрметіне тігілген бұл киіз үйлердің өз атауы мен өзіндік дизайндары да көпшіліктің назарын аудармай қоймады. Сондай-ақ, барлық киіз үйлерде мерекелік дастархан жайылып, тұрғындар мен қонақтарға наурыз көже таратылды. Мерекелік іс-шаралардан бөлек әр киіз үй ұлттық құндылықтарға баса мән беріп, барынша қазақылықтың иісі аңқыған өмірді айқын көрсеткісі келгендей. Оған себеп – «Бауырсақ Party» бауырсақ пісіру байқауы арқылы қазақтың ұлттық тағамдарын, «Наурыз кәде» тарату арқылы қазақтың қонақжайлылығын дәріптеп, халық әндерін орындау арқылы көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Дүбірлі тойда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қанжығасы майланған жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар, мейрамға жиналған қауымның, әсіресе, ақсақалдар арасынан «Батагөй» атты бата беру байқауы өтті.
Наурыз – жаңа тыныс, жақсылық жаршысы. Биыл қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл мейрамда халқымыздың кең пейілі, дархан көңілі құндылығымыздың құнын арттыруға бағытталды. Осы қуаныш еліміздің еңсесін көтеріп, бейбіт тіршілікке жаңа рух берсін! Әз-Наурыз құтты болсын!
Айгерім Бургокова,
«Жәйрем кенті әкімінің аппараты» ММ
ұйымдастыру мәселелері,
құжаттамамен қамтамасыз ету және әлеуметтік сала бойынша
бөлімінің басшысы.