Сәрсенбінің сәтінде Жезқазған қаласында «Хан ордасы» деп аталатын жаңа қонақ үй пайдалануға берілді. Этно-стильдегі жаңа қонақ үй кешенінің жобасын ұлытаулық кәсіпкер Марғұлан Молдашев «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қаржылай қолдауымен жүзеге асырды.
Орайы келгенде айта кетейік, «Хан ордасы» қонақ үйі облыста 2024 жылға жоспарланған инвестициялық жобалардың алғашқысы. Жобаның жалпы құны 600 млн теңге. Оның 256 млн теңгесін «Ұлытау» ӘКК қаржыландырса, қалғаны кәсіпкердің өз қаржысы. Мердігері – «Кристалл Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына арнайы қатысқан Берік Әбдіғалиұлы Жезқазғанда биыл тағы бір заманауи қонақ үй ашылу жоспарда тұрғанын жеткізді.
– Өздеріңіз білетіндей, биыл Жезқазған қаласының құрылғанына 70 жыл. Оған қоса, Президент тапсырмасына орай Жошы ұлысының 800 жылдығы аясында ауқымды зерттеулер қолға алынбақ. Сәйкесінше, осы жылы біздің өңірге келетін қонақ саны жылдағыдан да көп болады деп күтіліп отыр. Сол себепті де осындай нысандардың маңызы жоғары. Биыл облыс орталығында заманауи үлгідегі 30 жатын орындық тағы бір қонақ үй кешені қолданысқа беріледі, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Бұдан соң қонақ үйдің лентасы салтанатты қиылып, жиналғандар нысанды аралап көрді. «Хан Ордасы» қонақ үйі заманауи үлгідегі кескінімен көптің назарын аударды. Қонақ үйде 20 жатын орын бар. Оның екеуі – стандарт, алтауы – люкс, он екісі – жартылай люкс орындар. Әр бөлме келген қонаққа жайлы етіп жабдықталған.
Қонақ үйдің бірінші қабатында ресепшн, конференция залы, үлкен экран орналасқан. Ал екінші қабатында этно-кафе жабдықталған. Этно-кафеге қала тұрғындары мен қала қонақтары кез келген уақытта бара алады.