Су тасқынына әзірлік пысықталды

Қыстың соңғы айын да орталап келеміз. Енді бірер аптадан кейін көктемнің де лебі сезіле бастайтын болады. Бұл өз алдына қауырт жұмыстар тудырары да анық. Ал оған ерте қамданбаса, соңы сан соқтырары да ықтимал.

Қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетовтың төрағалығымен өткен алқалы жиында осы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспарлары талқыланды. Су тасқынына әзірлік жайы пысықталды. Оған азаматтық қорғаудың аумақтық құрылымдарының басшылары қатысты.
Отырыста жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы, төтенше жағдайларды жою бойынша қала күштері мен құралдарының дайындығы, қабылданып жатқан іс шаралар және «Көктем — 2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық мәселелері қаралды.
Биылғы қыстың басы қарала болып басталғанымен қаңтардан бастап қар қалың жауып, жерді ақ көрпеге орап-ақ тастады. Күздегі жауын- шашынның шамадан тыс түскенін, жерге тоңның қалың қатқанын ескерсек, су тасқыны біршама әбігер тудырары айтпай-ақ түсінікті. Міне, сол су тасқынына ерте қамданбаса, біраз жерді «шайып» кету қаупі зор. Осыны ескерткен орынбасар мекеме басшыларына төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында нұсқаулар берді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ