5 желтоқсан – Халықаралық Волонтер күні деп белгіленген. Осы күні «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмыскерлерінен жасақталған «Өндіріс волонтерлары» тобының отырысы болып өтіп, биылғы жылы атқарылған жұмыстарды талқылап, келесі жылы атқарылатын жұмыстарын жоспарлады.
Еліміздің Президенті 2019 жылдың соңында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп бекіткен сәттен бастап құрылған «Өндірісші волонтерлар» тобы халық үшін жасап жүрген қайырымдылық шараларын тоқтатқан жоқ.
Топтың басты мақсаты – кенттегі көмекке мұқтаж жандарға, нақтырақ айтсақ, көп балалы жалғыз басты аналарға, аз қамтылған көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғыз басты қарттарға көмек көрсету болды. Ең басты басымдығы волонтерлық жұмыстағы жұмсалған барлық қаражат волонтерлардың жеке қалталарынан шығып отырады. Құрылған сәтте құрамында 25 волонтер болған топтың қатары қазіргі таңда 120 адамға жеткен. Топтың жетекшісі — Гауһар Наурызбаева. «Өндіріс волонтерлары» тобының ең алғаш өткізген қайырымдылық шарасы «Казцинк» компаниясы ұйымдастырған «Әркім де Аяз ата бола алады» акциясы. Жаңа жылға қарсы ұйымдастырылған акцияда волонтерлар қаражат жинап, кезек-кезек Аяз ата мен Ақшақар кейпіне еніп, кенттегі көп балалы жанұялардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға тәттілер жиынтығын, түрлі ойыншықтар таратып, компания тарапынан бөлінген сыйлықтарды үлестірді. Жасаған қайырымдылықтарын халық жылы қабылдап, волонтерлардың өздеріне де ұнап, жұмыс күшейе түсті. Халықтың алғысын алып, ризашылығын көру ең керемет сезім екенін бәріміз білеміз де түсінеміз.
Ерікті түрде көмекке зәру жандарға қайырымдылықтарын көрсетіп жүрген волонтерлардың жұмысы шамамен 2020 жылдың 16 наурызында елімізде пандемия кеселі басталып, жер-жердің бәрі жаппай қатаң карантинге жабылғанда өте қарқынды жүріп, күрделене түсті. Бірден қаражат жинауды күшейтіп, үйден шығуға тыйым салынған қарттарға (жалғыз басты қарттарға) азық-түлік және жуып-тазалауға арналған жиынтықтар таратып, «Казцинк» компаниясы тарапынан тегін берілген дәрі-дәрмектер мен дәруменді тағамдарды үй-үйлерге таратып, жеткізіп берді.
Көмекке мұқтаж жандардың үйлерін аралап, әсіресе жалғыз басты қарттардың үйлерінің қабырғаларына волонтерлардың байланыс телефондары жазылған реквизиттары ілінді. Ол кісілер кез келген уақытта (тәулік бойы) сол қағазда көрсетілген байланыс телефондары бойынша волонтерларға хабарласып, қажетті заттарын (дәрі-дәрмек, газ баллондары, азық-түлік және т.б.) жеткізіп алып отырды. Волонтерлар барлық қызметті өздерінің жекеменшік көліктерімен атқарып отырды.
Волонтерлар сонымен қатар, карантиндік күзет бекеттерінде кезекшілікте тұрған медициналық қызметкерлерге, полиция қызметкерлеріне 2 ай бойы кешкі ас тасымалдады. Арасында мүгедек екі қарияның біріне мүгедектер арбасын, екіншісіне сүйеніп жүретін құрылғы (ходунок) сатып әперді. «Бір тал кессең, он тал ек» акциясымен қордағы қаражатты күшейтіп, облыс орталығынан 20 түп қарағай сатып әкеліп, ауылымыздан 15 түп жеміс-жидек талын сатып алып, кентіміздегі жалғыз балабақшаның жанына отырғызды.
Волонтерлар пандемияға байланысты карантин талаптарының сақталуы үшін, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың түнгі мезгілде көшеде жүруін болдырмау мақсатында құрылған ЕХҰ (ДНД) құрамына кіріп, түнгі кезекшіліктерге шықты. Жергілікті ауруханада ашылған провизорлық бөлімшеге 5 тыныс алу жолдарын тазартатын құрылғы (ингалятор), 3 қысқа толқынды пеш, 2 тоңазытқыш, 1 теледидар сатып алып берді. Волонтерлар өздеріне төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан ковидпен ауырған науқастарға тәулік бойы қызмет етті.
Содан бері зыр етіп, үш жыл да өте шықты. Еріктілер жылы аяқталды. Аллаға шүкір, әлемді дүрліктірген кеселден де құтылдық. Бірақ, айналаға көмек қолын созатын қайырымды волонтерлар жұмысы тоқтаған жоқ. Себебі, қайырымдылық жасаудың шегі жоқ. Мейірімділікке тоқтау жоқ.
Волонтерлар жылда 7 және 9 мамырда тыл ардагерлері мен ауған соғысы ардагерлеріне арнап түрлі форматта қайырымдылық шараларын жасайды.
Жаңа оқу жылына қарсы «Әркім де әдемі бола алады» акциясын жүргізіп, кенттегі аз қамтылған отбасылардың, көп балалы отбасылардың шаштарын тегін қияды. Осындай қайырымдылық шараларымызға қызыққан кент тұрғындары ақырындап, волонтерлар қатарына қосыла бастады. Балаларды қорғау күніне арнап, қаражат жинап, кенттегі барлық балаларға балмұздақ таратылады. Ертегі кейіпкерлерінің рөліне енген волонтерларды көрген балалар мәз болады, ата-аналар алғыстарын айтысып жатады.
Жұмыс ақырындап қыза түсіп, «Өндіріс волонтерлары» тобы жанынан «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның көп балалы аналарынан жасақталған «Мейірімді аналар» тобы құрылды. Аталған топ та қаражат жинап, волонтерлармен бірлесе «Мектепке барар жол» акциясын ұйымдастырып, кенттегі көмекке мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке қажетті оқу-құралдармен жабдықтауды дәстүрге айналдырған.
Көктем және күз мезгілдерінде жалғыз басты қарттардың аулаларын тазарту, үйлерін сылап-әктеу жұмыстары жүргізіледі. Қазан айындағы қарттар және мүгедектер күнін де назардан тыс қалдырған емес. Аз қамтылған отбасының балаларының кентімізде қажет етеліп отырған мамандықтар бойынша тегін оқуға (колледж) түсулеріне септіктерін тигізді. Осындай қайырымдылық шараларын волонтерлар өздерінің өндірістегі күрделі жұмыстарымен қатар алып жүрді. Атқарған еңбектеріне қарай «Өндіріс волонтерлары» тобының мүшелері Қарағанды облысы әкімінің, Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталса, «Ерен еріктілік» номинациясына ие болып, жетекшілері «Халық алғысы» төсбелгісін иеленді. Олар туралы республикалық, облыстық телеарналар сөйледі. Республикалық, облыстық, қалалық газеттер жарыса жазды. Халық арасында волонтерлар үлкен сеніммен құрметке ие болды. Алдағы уақытта тобымыздың қатарын ұлғайту және заңды түрде ресімдеу ойымыз бар. «Бірлессек алынбайтын қамал жоқ», «Қайырымдылық жасасаң, сауапқа кенелесің» деген ұран сөздер волонтерларды тек алға жетелейді. Қазіргі таңда волонтерлар Тәуелсіздік күніне және Жаңа жылға арнап түрлі шаралар жоспарлап, қаражат жинауда. Сонымен қатар, Түрік елінде ауыр отадан шығып, ем алып жатқан әріптестерінің үйіне тегін көмір түсіріп беріп, кішкентай төрт баласына тәтті-дәмділерді апарып берді.
«Біз халық үшін еңбек етеміз. Біз тұрғанда кентімізде, сондай-ақ, елімізде ешкім де көмексіз қалмауы керек. Кеудемізде намыс барда, бойымызда күш-қайрат барда біз айналамызға адал еңбек етеміз, одан шаршамаймыз және ештеңе аямаймыз! Біз біргеміз, берік іргеміз!», деп жалындаған волонтерлар келесі жылы «Казцинк» компаниясы сатып әперген волонтер формаларын жаңартуды, волонтерлар қатарына жоғарғы сынып оқушыларын тартуды, кенттің тазалығына көбірек көңіл бөлуді, ағаш отырғызуды қолға алуды және тағы басқа жұмыстарды жоспарлады.
Теректі ШАҒАТАЙ.