Білім сапасын арттыру – басты мақсат

«Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет», – деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды.

Сол сапалы білімге қол жеткізу мақсатында қаншама зерттеу жұмыстары да ұсынылған. Осы ретте ағымдағы жылдың 16-27 қазан аралығында №1 жалпы білім беретін мектеп ұстаздары Lesson Study әдісін қолдана отырып, бірнеше ашық сабақтарын өткізді.

Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу үрдісінде мұғалім басты роль атқарған болса, қазір оқушының белсенділік көрсететін кезі туды. Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Зерттеу сабағы қарапайым идея болып табылады. Жоғарыда атап өткен Lesson Study әдісінің басты мақсаты – әріптестермен бірігіп, сабақ жоспарын  құру, зерттеу сабағымен қоса сабақтың жоспарын да талқылау, сондай-ақ, зерттеу сабақтарын өткізу болып табылады.

Мектеп өміріне еніп отырған жаңа технологиялардың ерекшелігі — өсіп келе жатқан тұлғаны жан-жақты дамыту. Инновациялық білімді дамыту, өзгеріс енгізу, жаңа идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу. Бұрынғы оқушы тек қана тыңдаушы, орындаушы болып келсе, ал қазіргі таңда өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән береміз.

Оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні бірлестігінің ұстаздары 5ә, 6а, 6ә және 8а, 8ә, 8б сынып оқушыларымен «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Күй құдіреті» және Доспамбет жырау «Қоғалы көлдер, қом сулар» тақырыбында зерттеу сабақтары өте жоғары деңгейде өтті. Пән мұғалімдері Ләззат Акимбаева, Салтанат Мергенбекова, Мереке Иманберлина, Айсұлу Тілегенова.

Сонымен қатар, орыс тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәні әдістемелік бірлестігінің ұстаздары Акиля Омарова, Айгүл Тұрғанбекова, Айман Көпбаева және Қарлығаш Қалмағамбетова 5а және 6а, 6б сынып оқушыларымен «Белый бим Черное Ухо», «Heroes», «Heroes of Kazakhstan» және «Human beings» тақырында өте қызықты зерттеу сабақтарын өткізді.

Сондай-ақ, жаратылыстану пәндері бірлестігінің ұстаздары Жұмакүл Ахметова, Гүлзат Омарова, Айнаш Жанабаева және Аяулым Балғабаева «Таңбалары әртүрлі сандарды қосу», «Литосфералық катаклизмдер кезіндегі қауіпсіздік ережелері», «Дәрумендер және олардың маңызы» атты тақырыптарды 6а, 6ә, 7ә және 8ә сынып оқушыларымен бірге талқылап, сабақ өте жоғары деңгейде өтті.

Ал бастауыш сынып бірлестігінің ұстаздары Әсем Досмағамбетова мен Гүлмира Қожантаева 2 сыныптарға «Көлем. Көлем өлшем бірліктері» атты тақырыппен балалардың қызығушылығын арттырып, зерттеу сабақтарын тұщымды етіп өткізді.

Сабақты  зерттеу  жұмысы барысында мұғалімдер оқушылардың  қабілетіне  сай  тапсырмалардың  берілуін, әдіс-тәсілдердің  талғап  қолданылуын  және  сол  тәсілдің сабақтың  қай  кезеңінде  қолданылуын  зерттеу  тобымен  анықтады. Бұл әдіс мұғалімнің кәсіби жетілуіне және әріптестерімен тығыз байланыста болуына көмектеседі. Мәселен, өткізілетін сабақтың барысын әріптестермен бірлесіп жоспарлау, қадағалау, талдау арқылы оқыту туралы бірлескен пікір қалыптастырылды. Бұл жағдайда оқыту аспектілерін әр мұғалім өзінің ұстаным тұрғысынан ғана емес, Lesson Study дайындаған әріптестеріміздің көзімен де қарастырып, соның нәтижесінде Lesson Study барысында бақылаған нақты сабақты пән мұғалімдері жоспарлаған өзінің сабағымен салыстырып отырды. Қорытындылай келе бұл әдіс-тәсіл мектеп оқушыларының қызығушылығын арттырып қана қоймай, білім сапасын едәуір көтеретініне көзіміз жетті.

Мөлдір ОМАРОВА