Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ, мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады.
Осыған орай «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ағымдағы жылдың 5 қазаны күні Жәйрем кентінде «Басты талап – заңдылық» тақырыбында семинар өтті. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мемлекеттік және азаматтық қызметкерлермен және ұлағатты ұстаздар арасында «Кім білгір» сұрақ-жауап сайысы өтті. Сайысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов жүргізді. Нәтижесінде 1 орынды «Ұстаздар» тобы, 2 орынды «Мемлекеттік қызметкерлер» тобы иеленді. Ұйымдастырушылар қатысушыларға сертификаттар мен сыйлықтар табыстады.
Келесі кезекте дәл осы тақырып аясында Руслан Алтайұлы Қаражал қаласының орталық кітапханасында мемлекеттік, азаматтық және басқа да ұйым қызметкерлер балалары арасында “Саналы ұрпақ” сайысын өткізді. Қаламыздың оқушылары сыбайлас жемқорлыққа және әдеп-ғұрыпқа қатысты сұрақтарға жауап берді. Сайыстың нәтижесінде 1 орынды «Жарқын» тобы, 2 орынды «Мәдениет» тобы, 3 орынды «Бейбітшілік» тобы иеленді. Оқушылар да сертификаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Өз тілшімізден.