«Шаңырақ» демалыс алаңы ашылды

Газетімізде бұдан бұрын да жазылғанындай, Жәйрем кентін абаттандыру бағытында орталық көшеде «Шаңырақ» демалыс алаңын салу қолға алынған еді. Жуырда осы кешен салтанатты түрде ашылып, кент жұртшылығына қуаныш сыйлады.

Аталмыш іс-шараға кент әкімі Қайрат Амангелдіұлы және Қаражал қалалық мәслихат депутаттары мен Жәйрем кенті ақсақалдар алқасының өкілдері және тұрғындар қатысты. Салтанатта сөз алған кент әкімі Қайрат Жансағымов пен ақсақалдар алқасының төрағасы Марлан Шамбулов жиналған қауымды қуаныштарымен құттықтап, жастарды патриоттық тәрбиеге, халықты ауызбіршілікте болуға, яғни кенттің дамуына бірлесіп атсалысуға шақырды. Бұдан соң қадірлі меймандар кешеннің лентасын қиып, салтанатты ашу рәсімін жасады.
Орайы келгенде айта кетейік, «Шаңырақ» демалыс кешені Металлургтер көшесінде орналасқан.
Маңайына брусчаткалар төселіп, жарықтар орнатылып, орындықтар және қоқыс салатын жәшіктер қойылды. «Шаңырақ» стелланың биіктігі 10 метр және осындай биіктіктегі 4 алтыбақанмен толықтырылған. Демалыс орнын жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен 50 071 000 теңге қаражат бөлінді. Оны мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «Perfect design» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алып, жұмысты сапалы орындап шықты.
«Шаңырақ» кешенінің өмірге келуіне ой салып, мұрындық болған жандар жергілікті кәсіпкерлер – Жандос Бейсенбеков пен Ақылбек Турабеков екенін де айта кеткен ләзім.
Салтанатты шара кент мәдени-сауық орталығының көркемөнерпаздары ұйымдастырған «Ұлы дала – көшпенділер мәдениеті» атты концерттік бағдарламаға жалғасты. Концерттік бағдарламада 2023 жылы Корея мемлекетінің астанасы Сеул қаласында өткен «DANCE FESTIVAL» атты Халықаралық чемпионатының жеңімпаздары «АLS DANCE» бишілері өнер көрсетті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ