Киіктің көбеюі егістікті ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік бермейді — диқан

Өңірде киіктің шамадан тыс көбеюі егістікті ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік бермейді. Бұл туралы Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылында тұратын «Боранбаев» шаруа қожалығының басшысы Мырзабай Боранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мырзабай Нұрлыбайұлының айтуынша, «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС ғалымдарымен бірлесе отырып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан суармалы емес жерлерде мал азықтық дақыл өсіру бағдарламасы аясында биыл 200 гектар жерге жаздық арпамен бірге еркекшөп еккен.

Мұның ерекшелігі, арпадан өнім биыл алынуы керек болса, еркекшөп келесі жылы шығады. Есеп бойынша арпадан гектарына 15 центнерден алынуы тиіс болатын.

Өкінішке қарай, егістік алқабын киіктер таптап, жарамсыз етті.

«Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС өкілі, ауыл әкімі, аудандық мәслихат депутатының қатысуымен жүргізілген тексеріс қорытындысында жаздық арпаның 80,5 пайызы жойылғаны анықталып, акт жасалды.

Осылайша, мемлекеттің қолдауымен ауыл шаруашылығын көтеру бағытындағы жұмыстар зая кетуде.

Қожалық басшысының сөзіне қарағанда, киіктер күзде де тыным берер емес. Автокөліктен, аттылы адамнан қорықпайды, әбден үйреніп алған.

photo

 

Жайылым өз алдына, егістік алқабында ылғал іздеп, жерді қазып, жатады. Бұдан кейін келесі жылы еркекшөп те шығады деп айту қиын.

«Киіктер қырлықта ғана емес, құм ішінде де толып жүр. Соның салдарынан қасиетті Нарын құмы азып барады. Шұбырған киік ізі сайрап жатыр. Ол өз алдына, өлексесін жинап жатқан ешкім жоқ. Жалпы, малды өңір саналатын Бөкей ордасы ауданында 1 млн 921 мың гектар жер болса, соның 943 мыңы Капустин Яр әскери полигонына берілген. 400 мың гектары – жайылымдық жерлер. Ірі қараны бағу үшін әр басқа 9 гектар, жылқыға 10,6 гектар керек. Ауданда 108 мың ірі қара, 36 мың жылқы, 95 мың ұсақ мал, 1130 түйе бар екенін ескерсек, аталған жер тек ірі қараға ғана жетеді. Осындай жайылым жетпей жатқан кезде өткен жылы «Бөкейорда» резерваты үшін ауданнан 70 мың гектар жер бөлінді. Бұдан кейін мал шаруашылығын қалай дамытуға болады? Киік санын реттеуді де мемлекеттік тұрғыда жүргізу керек. Оны аудан, ауылдағы аңшылардың көмегімен шешу мүмкін емес. Өйткені ет сақталмай, сасып кетеді. Сондықтан рефрижаторы бар арнайы бригадалар шығару қажет», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Боранбаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның оңтүстік аудандарында мал азығын дайындауға байланысты қиындықтар туындап отырғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО әкімі су мен жол проблемасы, үш ауысымды мектептер, киік санын реттеуге байланысты сұхбат берді.

Шаруа қожалығының басшысы киіктен қорғау үшін егістік жерлерді қоршау керектігін айтты.