Соңғы кездері өңіріміздің қай аймағын алып қарасаңыз да жасарып, жайнай түскен. Әсіресе, көшелер мен алаңдар абаттанып, қаланың болсын, селоның болсын әрін аша түсуде.
Осындай ілкімді істерді Қаражал-Жәйрем өңірінен де көптеп көруге болады. Бұл бағытта әсіресе, Жәйрем кентінде жасалынып жатқан жұмыстарға тұрғындар дән риза. Жаз басталғалы Жәйремде жаңғырту жұмыстары бір тынған жоқ. Оның нәтижесін кент тұрғындары көзбен көріп, абаттанған көшелердің ашылуына өздері куә болып та отыр. Мәселен, кенттегі Металлургтер көшесінің жаңарған келбетін тұрғындар мен кент қонақтары күні бүгінге дейін тамашалап жүр. Аталмыш көшеде елді тартып тұратын нысан да бар. Ол – «Шаңырақ» шағын сәулет нысаны.
Шағын деп айтуға ғана келетін шығар. Ал, шын мәнінде шағын сәулеттік нысанның биіктігі 12 метр. Әсем безендірілген нысан сонадайдан көзге шалынып, елдің назарын еріксіз өзіне аударады. Оюмен өрнектелген шағын сәулет нысанына арнайы орындықтар да қойылған. Серуендеген ел «Шаңырақтың» астында таза ауада еркін тыныстап отыра алады.
Осындай керемет нысанды «Perfect design» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасапты. Мердігер ұйымның жұмысына халық дән риза.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ