Көп ойландым, толғандым,
Алпысқа арнау жаза алмай.
Құлшына қалам қолға алдым,
Пейілді қолда, бір Алла-ай!
Қырық жасыңда да толғап ем,
Сұрыңды айтып сүреңсіз.
Жиырма жыл куә болған ем,
Жеткеніңді бүгін білеміз.
***
Қаражал – қасиеттім, сәлем берем,
Өзіңді биіктерден биік көрем.
Алпысқа келген бүгін абыз ерге,
Бермеген сәлемімді кімге берем?!
Сенде өтті ғұмырымның сан жылдары –
Мен үшін жан баспаған Төре төр ең.
Мен сенің шежіреңді суыртпақтап,
Жырлап кетем естірдей құлақ керең,
Теңіздей тарихыңды түпсіз терең.
Он үште едің мен алғаш ашқанда есік –
Зымырап қырық жеті жыл көшіп.
Алпысыңа, Абызым, жеткеніңше,
Өткіздің-ау басыңнан күндер нешік.
Заманында кешегі Кеңес дейтін,
Қамал болдың іргеңнен жел өтпейтін.
Басқа билеп тұрса да сол жылдары,
Ұлт ұлдары білерім бірбеткей-тін.
Аманғазы бастаған ағалар көші,
Өзгеден басым еді әр кез десі.
«Байыту комбинатын саламыз» деп,
Жастыққа бас тимеген ерте-кеші.
Өзгерістер аз ғана кешіккенде,
Біткендей еді сол кешен өсіп кен де.
Өндірісі жерасты шахтасының,
Алты миллионға жетер еді, тасып демде.
Сол бастама кезігіп сұрапылға,
Ауып кетті ниеттер құлатуға.
Ұстағанның қолында, тістегеннің
Ауызында кетті еңбек үптегенннің.
Тірегінен айрылып қайран қала,
Тоз-тоз болды ел көшіп, ара-дара.
Төрт-бес жылда қырық үй босап қалды,
Таңба салып жүрекке, тәнге – жара.
Тарихы Қаражалдың парақ-парақ,
Қаламым, жырлауыма берші жарап.
Абызым 60 жасқа келген шақта,
Қалайша отырмақпын айға қарап?!
Тәуелсіздік келгенмен аңсап күткен,
Жер менен көк болғандай астан кестең.
Ертеден қалыптасқан жүйе қирап,
Заман болды өшпейтін ешбір естен.
Сол заман тірі жанға болды талқы,
Ұйыған босып кетті қала халқы.
Жер асты, жердің үсті иесіздей,
Болмаса қалған бірер ерлер жалқы.
Қалаға келіп жатты нелер басшы,
Соңына ере келіп, сонша қошсы.
Қаланың күл-талқанын шығарды да,
Жан-жаққа бей-берекет бәрі қашты.
Қаланы ұстап тұрған жалғыз шахты,
Дегендей еді оның да «күні батты».
Өзге ұлттар өкілдері ауа көшіп,
Қиындық ел иығына қатты батты.
Басқаның басшысы да, қосшысы да,
Бет бұрды елдеріне тасшысы да.
Қалған қаракөздерге жеңіл емес –
Шыдап берді тағдырдың ащысына.
Салмақ түсті сол бір шақ қазақ ұлға,
Бар еді бірен-саран жеке тұлға.
Тізгінді солар алып аман қалды,
Әйтпесе, қалар ма едік шығып қырға.
Мақтасам, «досын мақтап кетті» деме,
Одан да ақиқатты сен де деме.
Сол кездің куәгері көп ортада –
«Су түбіне батқандай» еді алып кеме.
Таусылған жер астының ен байлығы,
Кеншінің де сарқылған нан-шайлығы.
Соңғы белдеу тартылып тамырлары,
Ашылмаған келесі бел байлығы.
Жаңа белдеу салуға бес жыл керек,
Айтуға оңай болғанмен жігер керек.
Сырттан келіп, кенішті салу үшін,
Бес жыл емес дәл оған он жыл керек.
Халық босып сол бір шақ кетпес үшін,
Азаматтар аянбай салды күшін.
+108-дің қалдығын жинап-теріп,
Ұйқысыз жер астында көрді түсін.
Темірбек болды басшы, ұлдар – қосшы.
Әбіш, Мұқтар тізерлеп басты қосты.
Нұртай салып жерасты бақ сарайын,
Жігіттердің жігері судай тасты.
Жер астының тырмалап қара тасын,
Намстарын жаныды найза-жасын.
+44 белдеуі біткенінше,
Жеткізді +108-дің алтын тасын.
Міне, осылай бауырлар қылды амал,
Жігер барда алынбас болмас қамал.
Алпысыңа кеншілер сыйға тартқан –
Маңдайыңнан сипайды қоңыр самал.
Оралайын жер беті әулетіне,
Қаламның бүгін тасқан дәулетіне.
Біртуар азаматым келіп елге,
Гүл қалам сәулет қосты сәулетіне.
Бәрі де ақ пейілден басталады,
Елміз ғой салған не бір Астананы.
Алғыс сөз айтсам бірер әкім ұлға,
Демегін мақтады деп жас баланы.
(Жалғасы келесі санда).
Жарқынбай ЖЕТІМЕК,
Қаражал қаласының Құрметті азаматы.