Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова Жәйрем кентіне ат басын бұрды.
Сөздері нық, ойы өткір, уәдеге берік қайраткер бүгінгі сапарын кентімізде балабақша ашамын деп, халық үшін игі іс бастамақ болып жүрген кәсіпкер Берденбек Еділханнан бастады. Кентімізде балабақша тапшылығы жергілікті тұрғындардың ең өзекті мәселесі. Шамамен он бір мың халқы бар ауылымызда жалғыз ғана балабақша бар. Ал кейінгі кезде ауыл демографиясы қарқынды өсіп келе жатқанын ескерер болсақ, бір ғана балабақша аздық етіп жүргені айтпаса да түсінікті. Жұлдыз Сүлейменовамен бірге еріп келген «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, Ұлытау облыстық Білім Басқармасының басшысы Сафура Сейдулиқызы қазіргі таңдағы білім және денсаулық саласындағы ең өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешудің оңтайлы жолдарын талқылады.
Арнайы кентімізге келген қонақтарды қарсы алған Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов, Қаражал қалалық мәслихаттың төрағасы Зәмзагүл Оспанова, «Amanat» партиясының Қаражал қалалық филиалының хатшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Айгүл Мауленина, Қаражал қалалық мәслихаттың депутаттары Марлан Шамбулов, Гауһар Наурызбаева, Айтуған Охан өздерін алаңдатқан бірқатар сұрақтарына тұщымды жауап алып, алыстан ат терлетіп келген Парламент депутатына сәттілік тіледі.
Өз тілшімізден.