Жұмыла көтерген жүк жеңіл   

Өткен аптаның соңында қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетовтың төрағалығымен  коммуналдық төлемдер және Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойына дайындық жоспарлары бойынша құрылған арнайы кезекті штаб отырысы өтті.

Жауыр болған мәселелер легінде Қаражал қаласы әкімдігі қалалық коммуналдық шаруашылығының маманы Елена Рахимова борышкер тұрғындардың есімдері аталса да әлі де өтемегендерін айтты. Бұл мәселе қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов мекеме басшыларына борышкерлермен жұмыс жағдайын қолға алуды қатаң тапсырды.

Қазіргі маңызды іс-шаралардың бірі — Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы. Оған деген дайындық жұмыстары пысықталып,  бұл жайлы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гүлнұр Сатанова баяндады.

-Қаланың 60 жылдығын мерекелеуге дайындық және өткізу бойынша іс-шара жоспарлары әр мекемеге таныстырылып мақұлдану, іске асыру жолында. Қала имиджін тұрақтандыра түсуге және тартымдылығын нығайта түсу жолында қаланың декорлық жұмысы баннер, постерлар әр ғимарат маңайына және тағы басқа орындарға әзірлену үстінде. Іс-шаралар ішінде “Қазақ күресі”, “Түйе палуан”, “Көкпар”, “Қыз қуу”, “Теңге алу”, “Арқан тартыс”, ерлер мен әйелдер арасында “Қол күрес” және т.б. көптеген ойындар киіз үй маныңда ойнатылады. Мерейтойға орай концерттік бағдарламалар әр мекемеден күтіледі. Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келетін театр әртістері тарихи қойылым қояды және қойылымға қосымша қала жастарын шақырту көзделіп отыр. Сондай-ақ, айтып өтенетін бір жайт – орнатылатын киіз үй саны – 25 қана болып тұр. Осы тұста қала тұрғындарының белсенділігін арттырып, киіз үй санын көбейтуді өтініп сұраймыз. Қаражал қаласының 60 жылдығын кешенді атап өту аясындағы іс-шараларға қала басшылығы, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері  және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қала жастары күтіледі. Барлық тұрғындарды белсенділік танытып, мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысуға шақырамыз, — деді бөлім басшысы.

Бұл мерейтой өңірімізге деген сүйіспеншілікті арттыруға, сондай-ақ, қала тұрғындарының рухани және мәдени дамуына, балалар мен жастарды патриоттық және эстетикалық тәрбиелеуге, Қаражал қаласының қалыптасқан құндылықтарын сақтау және жаңа мәдени құндылықтарды жетілдіре түсуге ықпал ететіні сөзсіз.

Жиын соңында жол жөндеу жұмыстары бойынша қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт баяндады.

Әйгерім ЕРДЕНҚЫЗЫ,

ҚарУ-дың III курс студенті.