«Биылғы жылы Халықаралық балалар еңбегімен күрес күні «Үйдегі балалар — жұмыскерлердің еңбегіне тыйым салу!» атты ұранмен өтеді. «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқанын (ҰАН) ұйымдастыру аясында Қаражал қаласында қала әкімдігімен бірлесе «Қаражал тау-кен техникалық колледжі» КММ және «Қаражал қалалық білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» филиалының ұйымдастыруымен 12 күндік акция іс-шаралары өткізілуде.
Бала еңбегі баланың дене дамуы мен психоәлеуметтік дамуына үлкен, кейде оңалмайтын нұқсан келтіретіні жасырын емес. Жас мөлшеріне сай емес, ауыр еңбекке негізінен халықтың әлеуметтік неғұрлым осал топтарының, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының немесе толық емес отбасыларының балалары араласады. Сонымен қатар олардың білім алуға, денсаулық сақтау қызметтеріне және кіріс көздеріне қол жеткізуі шектеулі. Осылайша, қиын жағдай қалыптасады: балаларды еңбекке тарту олардың болашақта білім алу перспективаларын нашарлатады, ал ол өз кезегінде оның кейіннен жұмысқа орналасуына әсер етеді. Соңғы нәтижесінде бала еңбегі адамзаттық ресурстардың дамуына және еліміздің жалпы әлеуметтік- экономикалық дамуына жағымсыз әсер етеді. Тұрмыс тауқіметінің салдарынан біраз болса да қаражат таппақ болған жасөспірімдер өз денсаулықтарына қатер төндіріп, құқықтарына қайшы келетін істерге жегіліп жатады. Осы орайда, балалар еңбегімен күрес бойынша ХЕҰ-ның жұмысын бір арнаға жоспарлау мақсатында 1992 жылы балалар еңбегіне тосқауыл бағдарламасының (ХБЕТБ) негізі қаланды.
Бала еңбегінің ең нашар түрлеріне мыналар жатады: құлдықтың барлық түрі, құлдыққа ұқсас тәжірибе, балаларды сату немесе, олармен саудаласу, мәжбүрлеу, шаруаға міндеттеу, жезөкшелікпен айналысуға тару, порнографиялық суреттер өндірісіне пайдалану, порнографиялық қойылымдарға қатыстыру, соған итермелеу. Сондай-ақ, баланы анаша өнімдерін сатуға пайдалану. Осы айтылған сорақы қызмет түрлері барлық жағынан орындалуы кезінде денсаулыққа зиян келтіріп, бала өміріне қауіп тудырып, адамгершілік құндылығына зақым келтіретін жұмыс түрлеріне жатады.
Баланың жұмыс сағаты қанша болуы керек? «Заң бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына 24, ал 16-18 жастағы жеткіншектер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек» дейді. Еліміздің еңбек кодексінде жасөспірімдерге қатысты арнайы кепілдіктер мен жеңілдіктер нақтыланған. Соның ішінде, кәмелетке толмағандардың еңбек құқық қатынастары да бар.
Ал, «Бала құқығы» туралы заңға сәйкес, кез келген 14 жасқа толған бала ата-анасының рұқсатымен, оқудан тыс уақытта денсаулығы жараса, қоғамдық пайдалы жұмыстармен айналысуына болады. Алайда, қазіргі таңда осыны түсінбегендер бала еңбегін өздеріне қажетінше пайдалануды еш ар санамайды.
Маржан САГИНДИКОВА,
кәсіподақ төрайымы.