Ел – ерлерімен еңселі

«Қазақта «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал, кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұрапыл соғыста жеңіске жетті. Біз өткеннен тағылым аламыз. Отан үшін, ел мен жер үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына тағзым етеміз. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әрбір азаматтың қастерлі парызы. Еліміздің тыныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 

Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні — бұл тәуелсіз еліміздің өзіндік қорғаныс қабілеті бар екенін білдіретін мереке. Бұл күннің мереке ретінде аталып өтуіне 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасында қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президентінің Жарлығы себеп болды. Бұл Жарлық бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті.  Қазақстанның түкпір-түкпірінде салтанатты түрде атап өтілетін мерекелер қатарында.

Өткен аптада біздің де өңірімізде дәл осы мейрам мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Айбыны асқақ — Қазақстан» атты іс-шара өткізілді.

Салтанаттың ажарын қала әкімі Тілектес Досаев жиналған дүйім жұртты айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегімен ашты. Одан кейін қоғам дамуына еңбегі сіңген қызметкерлерді марапаттауға кірісті.

Қаражал қаласы прокуратурасының аға прокуроры, екінші сыныпты заңгері Мақсат Қалиев, Қаражал тау-кен техникалық қолледжінің шаруашылық меңгерушісі Жақыпбек Қоғабаев,  «Mining tehnology KZ» ЖШС ауысым шебері Олег Купцов, Ұлытау облысы, Қаражал қаласының Қорғаныс істері бөлімінің әскери қызметке әскерге шақыру жөніндегі инспекторы Кристина Каримова, Қаражал қаласының полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторының басшысы, полиция капитаны Жарас Малтиков, №1 жалпы білім беретін мектебінің АӘД пәнінің мұғалімі Мейірман Серікбаев және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қаражал қалалық бөлімінің Жедел уәкілі, аға лейтенант Шоқан Тәкіш қоғам дамуына сіңірген еңбегі мен мүлтіксіз қызметі және жеке еңбек жетістіктері үшін қала әкімінің мадақтамасымен марапатталды. Сондай-ақ, қалың нөпірді қақ жарып, дода ортасынан серкені суырып жүрген епті көкпаршылар да қала әкімінің мадақтамасынан құр қалмады. Кеше ғана облыстық додадан 2 орынды қанжығаға байлап келген көкпаршы жігіттерімізге халық дән риза.

Қаражал қалалық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Қанат Омаров та сахна төріне көтеріліп, барша жұртты айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.

Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қызметкерлермен атқаратын жұмыстар қызметінің бас маманы Сұлушаш Құтжанова, тәжік-ауған шекарасының ардагері Жақсылық Мақажанов және Жәйрем кенті №10 ЖББМ АӘД пәнінің мұғалімі Айтуған Охан Қарулы Күштердің нығаюына және қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін Ұлытау облысының Қорғаныс істері департаментінің грамотасына ие болды.

Иә, халқына адал қызмет жасап, тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Әскеріміздің айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап келе жатқан барлық Қазақстан азаматтарын төл мерекелерімен құттықтаймыз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ