Мемлекеттің басты байлығы — адам десек, ұлттың саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету барша дамыған елдер ұстанған басты бағыт екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған “ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ” атты Жолдауында: “Еліміздің басты құндылығы — адам. Бұл — айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды”, — деп көрсеткен болатын.
Осы орайда елімізде қазақстандықтардың денсаулығын қорғау бағытында бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Маңызды реформалардың бірі – халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне 3 жыл болғанына қарамастан, Ұлытау облысы тұрғындарын жүйемен толық көлемде қамту мүмкін болмай отыр. Бүгінгі таңда медициналық мекемеге жүгінген кезде медициналық сақтандыру жүйесінде тегін медициналық көмектің толық көлеміне қол жеткізе алмай жүрген азаматтарымыз бар. Мұндай тәуекелдерді барынша азайту керек. Өйткені, “қолжетімсіз медицина” қоғам арасында дүрбелең тудырып, облыстың ғана емес тұтас елдің дамуына кері ықпалын тигізеді. Бүгінде іркіліс емес ілгерілеу жолын таңдаған Ұлытау облысының жергілікті атқарушы органдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалымен бірлесе кешенді жұмыс жоспарын қабылдап, жетістікке қарай жылжуда. Бұған өңірімізде өткен тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде көзіміз жетті.
Денсаулық саласындағы проблемалық сұрақтарды анықтап, шешу жолдарын қарастырған, тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға тұщымды жауап берілген жиынға Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт төрағалық етті.
— 2023 жылдың 8 ақпанында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғ.М.Құсманғали «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесіне тұрғындарды тартудың Жол картасын бекіткен болатын. Бүгінгі Ұлытау облыстық филиалының есептік кездесуі сол Жол картасының 4 басымдығын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр, — деп кездесуді ашты қала басшысының орынбасары.
Сөз кезегін алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ұлытау облысы бойынша филиал директорының орынбасары Абылайхан Рахымов тұрғындардың сақтандыру санатына өтуі мен МӘМС аясында медициналық қызмет алудағы өзекті мәселелер бойынша баяндады.
МӘМС жүйесінің толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіріп отырған алғашқы мәселе — өңірдегі сақтандырылмаған азаматтардың үлес салмағының әлі де жоғары болуы. Республика бойынша 19 млн. тұрғыңдардың 16 млн. астамы, яғни 82% cақтандырылған. Ал Ұлытау облысы бойынша 220 мың тұрғынның тек 192 мыңдайы (87%) сақтандыру мәртебесіне ие болып отыр. Қаражал қаласында 7928 тұрғын бар болса, оның 1061-і сақтандырылмаған. Сақтандыру мәртебесі жоқтардың қатарында 30 жеке кәсіпкер, 294 жұмыскер мен 23 дербес төлеуші бар. Өзгелерінде 12 айда тіпті, аударым мен жарна төленбеген.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру айтарлықтай өскенін алға тартқан Абылайхан Мейірманұлы 2023 жылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ұлытау облысы бойынша филиалы 32 медициналық мекемемен 24,4 млрд. теңгеге келісім-шарт жасағанын жеткізді. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне 17,1 млрд. теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 7,3 млрд. теңге қарастырылған. Қаражал қалалық ауруханасына ТМККК-не 552 млн. теңге, МӘМС пакетіне 202 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржы есебінен Қаражал тұрғындарына медициналық қызметтер көрсетілмек.
Жәйрем кентіне келер болсақ, онда сақтандырылмаған азаматтардың үлесі басым. Қазір Жәйремдегі 8690 тұрғынның 809-ы МӘМС шеңберіндегі медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Кентте өз-өзіне жарна аудармайтын 19 жеке кәсіпкер бар. Сондай-ақ, 303 жұмыскер үшін жұмыс беруші уақтылы жарна мен аударымын төлемеген. Дербес төлеуші ретінде сақтандырылып келген 30 тұрғын да аударымның жоқтығынан МӘМС жүйесінің қатысушысы бола алмай тұр. Азаматтық келісім шарт негізінде табыс тауып жүрген 35 жәйремдік тағы бар. 12 айда бірде-бір рет не жарна, не аударым түспеген 410 азаматтың бары да көңіл көншітпей отыр. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей сақтандырылмаған азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне ғана ие.
Жәйрем кентінің ауруханасы биыл ТМККК пакеті бойынша 652 млн. теңгеге, МӘМС пакеті бойынша 216 млн. теңгеге медициналық қызмет көрсетеді деп күтілуде.
Есеп беру кездесуіне қатысқан шағын және орта бизнес өкілдеріне МӘМС жарналарын уақтылы төлеу қажеттігін қадап айтқан Абылайхан Рахымов Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Заңның 31 бабына сәйкес аударымдардың және жарналардың уақтылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіретінін айтты. Ескеретін жайт, уақтылы төлемеген кәсіпкерлер кешіктірген жарнасын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күн үшін (қорға төлеу күнін қоса алғанда) есепке жазылған өсімпұлмен бірге қордың шотына аударуға тиіс.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды сақтандыруға бағытталған БЖТ мен дербес төлем жайында кеңінен таратылған жиынға Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Рымжан Хусейнова мен қалалық орталық аурухананың өкілдері де қатысты. Олар Абылайхан Рахымовпен бірге тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Қала тұрғындары көбінесе бейінді мамандардың жоқтығы, жолдаманы алудың ұзақтығы, медициналық көмектің сапасы мен тегін дәрі-дәрмектің уақтылы берілмейтіні алаңдатады. Сондай-ақ, тұрғындар стоматологиялық қызметтер МӘМС есебінен бәріне бірдей қолжетімді, яғни тегін болса деген ұсыныстарын білдірді.
Еске сала кететін тағы бір жайт, егер пациентке медициналық көмек көрсетуден бас тартылса немесе тиісті түрде көрсетілмесе, онда 1406 нөмірі, «Qoldau — 24\7» мобильді қосымшасы немесе «SaqtandyruBot» Telegram-бот бойынша жүгіну қажет. Қордың мамандары мен сарапшылары жедел жауап беріп, қажетті көмек көрсетеді.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ