Қаражал-Жәйрем өңірінде 90 түп ағаш егілді

Жыл сайын елімізде 22 сәуір күні «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» экологиялық акциясы атап өтіледі. Осынау маңызды шараға Қаражал қаласының да жұртшылығы бір кісідей атсалысты.

– Әлемде экология мәселесі қаншалықты өзекті екенін бәріміз білеміз. Бұл сүйікті қаламыз Қаражалға да қатысты. Біз егіп жатқан мына жас шыбық ертең жайқалған ағашқа айналып, қаламыздың сәнін ғана келтіріп қоймайды, ауасының тазарып, экологиялық ахуалының жақсаруына да септігі тиеді, – дейді Қаражал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы Нұрсұлтан Саутбаев.

Бөлім басшысының айтуына қарағанда экосенбілік күні қаладағы П. Кляцкий саябағында және Жәйрем кентінде 90-нан астам терек көшеттері отырғызылған.

— Мұндай шаралар, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялауға бағытталған акциялар өңірде жалғасын таба береді -, дейді ол.

Орайы келгенде айта кетейік, бұл күні қазыналы өңірде облыстық сенбілік те ойдағыдай өткізілді. Аймақтағы мекеме, ұжымдар мен өндіріс орындары өздеріне бекітілген аумақтарды күл-қоқыстан тазартты. Жол жиектеріңдегі жиналған топырақ пен жаяу жүргіншілер жолдары сыпырылып, тазартылды. Көшелердегі қоқыстар алынды.

Облыстық сенбілікке «Өркен-Атасу» ЖШС кәсіпорны өз техникасымен және өз қызметкерлерімен атсалысты. Мемлекеттік органдар полигонды тазалаумен айналысты. Жалпы, сенбілікке 20-дан астам облыстық, қалалық мекемелерден 150 адам шықты. Тазалық жұмыстарына 10 техника жұмылдырылды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ