АНАЛАР  БАС  ҚОСТЫ

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы жұмыскерлермен және олардың отбасыларымен тығыз байланыста. Үнемі түрлі байқаулар, жарыстар және кездесулер өткізіп отыратын кәсіподақ ұйымы тәттілер пісіруден шеберлік класын өткізуді дәстүрге айналдырған. Биыл аталған шараға көп балалы аналар мен ерекше балалар тәрбиелеп отырған аналар қатысты.

Кондитерлік өнімдерді пісіру бойынша мастер-класс тегін өткізіледі. Барлық қажетті қаражат жұмыс беруші тарапынан беріледі.  Өткізуші Бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекші маманы Меруерт Тайгабарова.

Меруерт Абайқызы тәтті өнімдер пісірумен бірнеше жылдан бері айналысады.  Арнайы кондитер деген сертификаты да бар. Жәйрем кентінде оның тәттілерін білмейтін және тапсырыс бермейтін адам жоқтың қасы. Ол тәттілерін жаңартып отырады. Қазіргі кездегі заманауи торттардың түр-түрін білетін Меруерт Тайгабарованың шеберлік класына қатысамын деушілердің саны аз болған жоқ. Алайда, ереже бойынша бұл шеберлік класына әр цехтан тек бір қатысушыдан ғана қатысу керектігі түсіндіріліп айтылды.

Тәттілерді пісіруді таңертеннен бастаған аналар «Королевский», «Нежность», «Карамельді», «Жаңғақты» тәрізді торттарды пісіріп үйренді. Әр тәттінің құрамы мен әзірлену әдістері арнайы кітапшаға жазылып, әрбір қатысушыға таратылды.

Шеберлік кластың соңында қатысушыларды құттықтауға арнайы келген «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Өндіріс бойынша атқарушы директоры Еркебұлан Қуандықов, Қызметкерлермен жұмыс атқару қызметінің бастығы Рауан Тулебеков, Бастауыш Кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Кәрібаев барлық аналарға сәттілік тілеп, осы шеберлік кластан өткендерін растайтын сертификаттары мен гүл шоқтарын табыстады.

Өздеріне арналып жасалған осындай әдемі кеште аналар тек тәттілер пісіруді ғана үйренген жоқ, олар бір-бірімен жақынырақ танысып, бала тәрбиесіне қатысты біршама мәселелермен де тәжірибе бөлісті.

Кеш соңында аналар өздері пісірген тәттілермен шай ішіп, өздерінің алған әсерлерімен бөлісті.

Гүлмайраш Оспанова — кран машинисі.

-Мен ерекше бала тәрбиелеп отырған анамын. Кәсіподақ ұйымы ерекше балалар тәрбиелеп отырған және көп балалы аналар арасында осындай шара ұйымдастырып жатыр деп, Жөндеу жұмыстары мен техникалық күтіп қарау басқармасынан мені осы шеберлік класқа жіберген басшыларға алғысым шексіз. Мен бүгін 7 түрлі тәтті пісіруді үйрендім. Торт пісірумен қатар, мен бүгін қаншама әдемі жандармен, талантты жандармен таныстым. Керемет әсер алдым, — дейді.

Дина Қожаева — Өтім бойынша жетекші маман.

-Мен көп балалы анамын. Өзім үйде тәттілер пісірумен бос уақытымда айналысамын. Ал бүгін Кәсіподақ ұйымы ұйымдастырып отырған шеберлік класында өзіме таныс емес бірқатар тәттілерді пісіруді үйрендім. Шеберлік класы тегін өтті. Жалпы кентімізде мұндай шеберлік кластарына қатысу ақылы түрде өткізілетін. Мен бүгін өте жақсы әсерде болдым. Көптеген мейірімді аналармен, сұлу қыздармен таныстым.  Олардың барлығы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек етеді, яғни, өндіріс мамандары. Біздің басымызды қосып, осындай тамаша мүмкіндік беріп отырған комбинат басшыларына, кәсіподақ ұйымына шын жүректен алғыс айтамыз, — деді ризашылықпен.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш  Кәсіподақ  ұйымы  төрағасының  орынбасары.