Еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болып қалыптасқаннан бастап-ақ зайырлы қоғам құру мақсатында көптеген іс атқарылды. Ал бүгінде зайырлылықты күннен күнге нығайту үстіндеміз. Оған дәлел қазіргі кезде кез келген адам өз құқығын біліп, ешкімге тәуелді болмай өмір сүруде. Бір елде бірнеше этнос өкілінің ауызбіршілікте өмір сүруі зайырлы мемлекет екеніміздің көрінісі десек артық айтқандық емес.
Зайырлы мемлекетімізде білім мен ғылым дінге тәуелсіз. Сондай-ақ мемлекет дінге, дін мемлекет ісіне араласпайды. Мемлекеттік дін жоқ және дін бәріне ортақ болмайды. Қазақстан азаматтарының дінге сену не сенбеуі өз еріктерінде.
Дін — мемлекеттің рухани тірегі. Діні, тілі жалпы ұлттық идеологиясы тұрақты қалыптасқан елдің іргесі де мықты болмақ. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейді. Тарихымызда тілі мен дінін ұмыттырып, рухын төмендеткен сәттер де болғаны жасырын емес. Алайда тәуелсіздік таңы атқанда қазақтың өзінің діні, тілі қалыптасып, салт-дәстүріміз өркендей түсті. Ал зайырлы елге айналғанымыз, көп этносты мемлекет болғанымыз біздің татулығымыз бен бауырмашылдығымыздың дәлелі. Зайырлылық түсінігінің ауқымы кең. Қазіргі заманғы зайырлылық адамның ар-ождан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық діни дүниетаным мен құндылықтарды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітпейді, зайырлылық пен мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды. Кей адамдар зайырлылықты дінге сенбеу деп түсінетіні бар. Әрине, ол қате пікір. Себебі, зайырлы ел болу әр адамның өзіндік пікірі, көзқарасы, наным-сеніміне құрмет көрсету.
Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.
Бүгінде ұлттың рухын оятуға, ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына арналған түрлі бағдарламалар іске асырылып, сәйкесінше өз нәтижесін беруде. Ондай шаралар бізге өте қажет деп білемін. Себебі, зайырлылықты адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу біздің қоғамымыз үшін аса маңызды. Осы ұстанымның да пайдасы болар, бүгінде кең-байтақ қазақ елі күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр.
Мөлдір Оразалина,
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.