Ұлытау облысында жастарға арналған «Ulytau Zhastary» тұрғын үй бағдарламасы өз жұмысын бастады. Облыстық қоғамдық даму басқармасы таратқан ақпаратқа қарағанда аталмыш бағдарлама 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындарына неғұрлым тиімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға көмектеспек.
Орайы келгенде айта кетейік, бағдарлама Ұлытау облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ бірлескен жоба. Облыс әкімдігі «Отбасы банк» АҚ бірлесіп жастарға қол жетімді қарыздар беру үшін 750 млн. теңге көлемінде қаражат бөледі. Бағдарламаға қатысушылардың жылдық несие мөлшерлемесі 5 процентті құрайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн. теңге. Бастапқы жарна кем дегенде 10 процент болуы керек.
Қазіргі баспана бағасының ырыққа көнбей тұрған уақытында бұл жастар үшін үлкен қолдау. Десек те, кез келген жобаның өз ерекшелігі болатыны сияқты, бұл бағдарламаның да өзіндік талаптары бар. Сол талаптарға сәйкес келгендер ғана аталмыш жобаға қатыса алады.
Хош. Ал енді үміткерлерге қойылатын талаптар қандай. Сол жайында қысқаша айтып өтейік. Ең бастысы, жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына бағдарламаның талаптарына сай келетіндер және бекітілген критерийлер бойынша көп балл жинағандар өтеді. Ол критерийлер санына некедегі жылдар саны, балаларының болуы, жұмыс өтілі және басқалары әсер етеді. Ең көп балл жинаған қатысушылардың төлем қабілетін «Отбасы банк» АҚ айқындайды.
Сонымен, жас мамандарға арналған жобаға Ұлытау облысында орналасқан денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, жоғары оқу орындары мен әлеуметтік саланың штаттық қызметкерлері қатыса алады. Бірақ, олар сол мекеменің техникалық, болмаса әкімшілік персоналы болмауы керек.
«Ulytau zhastary» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Қатысушының жасы өтініш берген кезде 35 жастан (қоса алғанда) аспауы тиіс;
- Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы;
- Таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі — зейнетақы жарналарын міндетті түрде төлей отырып, кемінде соңғы 1 жыл;
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Өтінім беру үшін үміткер өзімен бірге жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы және мекенжай анықтамалары (бағдарламаға қатысушыға және отбасы мүшелеріне), соңғы бір жылдағы зейнетақы төлемдері туралы үзінді көшірмені (egov.kz –тен алуға болады), некеге тұру немесе бұзу туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі, жұмыс орнынан анықтама (ресми бланкіде немесе ұйымның мөрімен куәландырылған, лауазымдары, жұмыс кезеңі, жалақысының мөлшері көрсетілген), еңбек өтілін, мүгедектігін растайтын (бар болған жағдайда) құжаттар әкеледі.
Бағдарламаға қатысуға өтінім беру Жезқазған қаласы, Бейбітшілік даңғылы 26/1 мекенжайында орналасқан Жастар сарайында жүзеге асады. Туындаған сұрақтар бойынша +77784608509 нөміріне хабарласуға болады.
Ізбасар ОЙБАС.