«Барлығы да, Поэзия, сен үшін», – деп əдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы һəм бірегей сардары ретінде салтанат құрған Мұқағали Мақатаевтың туған күнін жыл сайын ел болып атап өту дәстүрге айналды. Қазақ поэзиясының символына айналған Мұқағали Мақатаевтың жыл сайын туған күні қарсаңында еліміздің барлық аймағында әдеби кештер үздіксіз өткізіледі.
Осы орайда қазақтың қара өлеңіне шапан жауып қайтарған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасын насихаттап жас ақындардың шығармашылығын шыңдау мақсатында Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханада «Әр өлеңі – бір әлем» тақырыбында ақынның өлеңдерін оқу мен әндерін шырқауға арналған әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Мерекелік кеш барысында қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың жауһар жырларын оқып, өлеңіне жазылған әсерлі әндерін шырқады. Іс-шара қонақтары үшін қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген ұлы перзенті Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны, поэзиясы жайлы баяндап, ақынның өмірінен ақпарат беріп, шығармашылығына тоқталып , «Поэзия алыбы – Мұқағали» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. Мұқағали ақынның шығармашылығы қазіргі қазақ қоғамында, әсіресе, кейінгі буын жастардың арасында үлкен танымалдылыққа ие. Соның айқын дәлелі — бүгінгі әдеби кеш. Осындай әдемі кеш арқылы алты алаштың ардақтысына айналған ақиық ақын Мұқағали мұрасы жас ұрпақ жадында жаңғыра түсері анық.
Жырлайды жүрек
Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны мен еңбектерін насихаттау, оқушылардың оқу-білімге деген құштарлығын арттыру мақсатында балалар кітапханасында «Ақсұңқар» оқу орталығымен бірге Қаражал қаласының 60 жылдығы аясында «Жырлайды жүрек» атты мәнерлеп оқу жарысы ұйымдастырылды. Жарыс барысында қатысушылар жыр падишасының туындыларын мәнерлеп орындап беріп, мұзбұлақ ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақтарға жауап берді. Оқушылар іс-шараға белсене қатысып, жағымды әсер алды. Қызығы қыза түскен жыр додасының үміткерлері ақынның өлеңдерін жатқа айтуға талпынып көрді. Қазақ поэзиясында үлкен қолтаңба қалдырған Мақатаевтың «Шыда..» өлеңінің реңкін келтіре отырып қаламыздың № 7 орта мектебінің 4 «ә» сынып оқушысы Бөлеген Ақбаян оқып, көрермен ықыласына бөленді. Қатысқан барлық қатысушыларға қазылар алқасы атынан Алғыс хаттар табысталып, еңбектері бағаланды. Шара соңында ақын шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» кітап көрмесіне шолу жасалды. «Мұқағали оқулары» әдемі өрнегімен жиналған жұртшылықты сағыныш болып бір сейілтіп, жабырқау көңілдерін жадыратып тастады.
Мөлдір Оразалина,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі