Сарғайса да тарихтың ақ парғы, ол күндер мәңгі есте сақталады

Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған, Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл – 34 жыл.

1978 жылы сәуір айында Ауған жерінде төңкеріс болып, соңы аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттерінің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысты. Солардың қатарында біздің жәйремдік жауынгерлер де болды.  

Кентімізде ауған соғысына қатысып, сол зұлматты күндерді бастарынан өткерген сегіз жауынгер болатын. Өкінішке орай, осы жақында ғана жалғыз жауынгер әйел Зоя Викторовна Баедилова өмірден озды. «Ауған соғысының ажалын жеңдім, Отаныма аман-есен оралдым, енді көп жасармын» деп әзілдеп жүретін жалынды да жігерлі Жанғазы Төлеутайұлы Баянов ағамыз да былтыр бақилық болып, өмірден ерте кетті. Валерий Юрьевич Голобоков Қарағанды қаласына қоныс аударды. Қолғанат Әбдікәрімұлы Сасоев ауылымыздың «Подхоз» бөлімінде мал шаруашылығымен айналысса, Нұржан Жамбылбекұлы Кәрібаев, Төлеуғазы Нұрсафин, Талғат Әбдурәсілұлы Балқыбаев кентіміздің өзінде, ал Бексейіт Төлешұлы Алшымбаев Ескі Жәйремде тұрады.

Осы атаулы күні ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлық пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қаһарман жауынгерлеріміздің үшеуімен ғана сұхбаттасу бұйырды.

Кәрібаев Нұржан Жамбылбекұлы 1987 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Мәскеуге аттанады.  Сол жақтан Ауған еліне жіберіледі. Мектеп қабырғасынан енді ғана шығып, ана құшағы мен әке мейірімінен енді ғана бой жазып, есейе бастаған шақтарында солақай саясаттың салдарынан өзі де білмейтін өзгенің жерін қорғауға талай боздақ аттанып, талайы сол соғыс даласында жан тапсырған-ды. Солардың бірі болып, елге аман-есен оралған жауынгер Нұржан Жамбылбекұлы сонау сұрапыл соғыстың дәл ортасында жүріп, өткенді күрсіне отырып, күңірене отырып еске алады.

-Біз Мәскеуге келіп түскен соң, бірнеше күн оқу-жаттығу жұмыстарынан өттік. Әрі қарай бізге айтпастан отты майданның дәл ортасына апарды. Кім үшін, не үшін соғысатынымызды біз білмедік. Көз алдымызда қаншама майдандас достарымыз өлімнің құшағында кете барды. Мектеп қабырғасынан енді ғана шыққан бізге, бұл қорқынышты соғыс ешқашан бітпестей көрінді. Аяусыз өлім, атылған оқ, жарылған мина, бөлінген дене, қалың өрт. Осы көріністің бәрі әлі күнге дейін көз алдымызда. Жүрегімде қалған сызы әлі де сыр беріп қояды. Сол қырғын күндер денсаулыққа әсер етпей қоймады. Қазір денсаулығыма байланысты зейнетке шықтым.  Болашақ ұрпағымыз мұндайды енді көрмей-ақ қойсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деп әңгімесін аяқтады.

 

Екінші бір жауынгеріміз Балқыбаев Талғат Әбдурәсілұлы «Казцинк» ЖШС «Жәйрем кен байыту комбинаты»АҚ Полиметалл байыту фабрикасында еңбек етеді. Өндірістің ең маңызды саласында және ең жауапкершілігі жоғары қызметінде және қазір кентіміз ғана, еліміз ғана емес, шет елдіктерге дейін үлкен үміт артып отырған жаңа полиметалл фабрикасының барлық техникалық құрал-жабдықтарының тізгінін үлкен біліктілікпен ұстап отырған, мақтанышымыз. Ол кісінің өмірінің ең сызатты кезеңі Ауған соғысында болған жылдары. 1984 жылы Қиыр Шығыстың Уссури́йск қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған өрімдей жас жігіт араға жарты жыл салып, Ауғанстанның Лашкаргах қаласына жіберіледі. Қан майданның ортасында 2 жыл жүріп, 1986 жылы елге аман-есен оралады. Елге аман оралғанмен, кеудесінде де, көз алдында да сол зұлматты күндер әлі сақталып келе жатқан Талғат Әбдурәсілұлы сол кездерді былайша еске алады:

— Отан алдындағы борыштарын өтеуге барған өрімдей жап-жас жігіттердің қаншамасы сол кездегі Кеңес үкіметінің соқыр саясатының арқасында мақсаты белгісіз отты майданның ортасына барып, кеуделерін оққа тосып, кімді қорғап, кім үшін жандарын қиып жатқандарын түсініп те үлгерместен қыршын кетті. Шүберекке түйген жандары аман қалғанмен, қаншамасы елге мүгедек болып оралды. Өте қасіретті жылдар еді. Сол майданның қақ ортасында болып, бір Алланың қалауымен елге аман оралдым. Аллаға шүкір, қазір бала-шағамның ортасында, немерелерімнің тәтті қылығына тоймай, отбасы бақытын көріп жүрсем де, өмірімдегі сол бір қасіретті екі жыл есіме түссе, жүрегім сыздап, күрсінбесіме амал жоқ. Еліміздің жастарының бастарына мұндай қиын күндер ешқашан берілмесін. Тек тыныштықта, бейбітшілікте өмір сүрейік, — деген тілегін білдірді.

Нұрсафин Төлеуғазы Семей облысы, Абай совхозының тумасы. Жәйрем жеріне жұмыс бабымен 2002 жылы қоныс аударып келген. Төлеуғазы аға 1983 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Самарқанд жеріне аттанады. Сол жақта бір жылдай болып, Ауғанстанға жіберіледі. Жас жігіт кезінде жат елде көргендерін сөзбен айтып жеткізе алмаған ел ағасы көзіне жас алады.

Ауылдан асып ешқайда шығып көрмеген біз тәрізді қаншама жастар бұл

қорқынышты күндерді түсім болса екен деп армандайтын. Жалындаған оттың ортасында жанұшыра жанып жатқан майдандастарымызды құтқара алмаған сәттеріміз де болды. Кейбір жігіттер үйлеріне қайтарға 1-2 сағат қалғанда өмірлерімен қош айтысып, қыршын кетіп жатты. Соң­дарында аңырап ата-аналары, сүйген жарлары, дос-жарандары қалды. Ұлының өліміне сенбей, оның аман-есен оралуын күтіп, жазған хаттарын жаттап, қаңғыған оқтың ұлына дарымауын Алладан сан рет сұраған, енді ғана азамат қатарына қосып, ер жеткіздім, енді үйлендіріп, үй-жайлы етіп, немере сүйсем деген арманы орындалмаған ананың зары сол кездері бар әлемді шарлаған шығар. Көкірекке мұң, ауыр қайғы салатын осындай соғыста болғанымды  еске алу мен үшін өте ауыр. Алла тағала енді мұндай қасіретті бізге, біздің жастарымызға көрсетпей-ақ қойсын. Елімізде тек қана тыныштық болсын, — деп тебіреніспен сөзін аяқтады.

Ия, үлкен өмірге аяқ басқан өрімдей жас жігіттердің ауған жерінде болған кезеңдері өмір бойы жүректерінде сақталады. Олар соқыр саясаттың құрбаны болды. Батыр ағаларымыз бөтен елде, бөтен жерде, беймәлім мақсатта қан көрді, қатарластарының өлі денесін көрді. Бірақ, оның бәрі бейбіт өмір үшін деп түсіндірілді.

Арада 34 жыл өтсе де біздің ауған соғысы ардагерлеріміз әр кездесуімізде сол зұлматты жылдарды көздеріне жас алмай, күрсінбей еске алған емес. Жаратқаннан ол күндердің ешқашан қайта оралмауын тілейміз. Жауынгер ағаларымызға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА