Қаңтар айының 16 жұлдызы күні «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ ұйымдастыруымен «Жемқорлыққа жол жоқ» акциясы аясында Қаражал қаласының әр мекемесіне ақпараттық материалдар таратылып, есіктер мен тақталарға ақпараттық парақшалар ілінді.
Қазіргі таңда қоғамның азабына да мазағына да айналған басты зиянкестің бірі – жемқорлық. Елімізде алдын алу шаралары ұйымдастырылып, заңда түрлі жазалар бекітілсе де, сақтықтың қандай түрі жасалса да, ауыз бастырық пен көз қысушылық үдемесе азаймай тұр. Қарапайым халықтың балалары білім гранттарынан құр қалып жатады. Түлектер грант ала алмаған соң армандаған оқуына түсудің өзіне он ойланып, жүз толғанады. Оған себеп – біріншіден, оқудың ақшасы қымбат, екіншіден кейде жатақханаларда орын болмайды. Пәтерақы тағы да ата-ананың қалтасына жүк. Ал, жатақханаға келер болсақ, мұнда әуелі ректордың туысқандары, «кәмендәнт апайдың» таныстары, одан қала берсе алдын ала бір-екі пәкетімен кіріп, бес-он мыңын әлгі «кәмендәнт апайдың» алақанына басып кеткен ширақтау көке-тәтелердің балалары орын тепкен. Қазір өнер мектептерінде де солай, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген заң күшін жоймай тұр. Осының салдарынан эстрада да өңкей өнердің қадіріне жетпеген жастар желпеңдеп жүргені ешкімге таңсық емес. Ал, құлақтың құрышын қандыратын, талай күміс көмей талант иелері әр жерде күзетші, құрылысшы, ал кей нәзік жанды аруларымыз ата-анаға күш салмаймыз деп арзандау оқуға түсіп, мейрамханаларда ыдыс жуып, даяшы болып қосымша нәпақа тауып жүргені көпке аян болса да, әкімдіктер мен білім министрлігінде де жылы жабылып жатқан тақырып. Тіпті халықта «талант бар, таныс жоқ» деген түйреме нақыл сөз пайда болған.
Жақсы, ал басқа салаларға келер болсақ, кейде қарапайым ауыл адамдары қандай да бір шағым айтпаққа мемлекеттік қызмет мекемелеріне барып, тиісті жауабын ала алмай дүдәмал күйде үйіне оралады. Қариялардың біразы өзіне тиісті зейнетақыдан әлдеқайда төмен алса да, заңды біле қоймағаннан барын қанағат тұтып, қалғаны құдайдан деп күн кешуде. Қазіргі таңда белең алып тұрған тағы бір мәселе халық денсаулық сақтау орындарында ем қабылдаудың өзіне күдіктенетін жағдайға жеткен. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен де Қазақстанның әр қаласында денсаулық сақтау саласында білімсіз, біліксіз мамандардың бар екенін жасыра да алмаймыз. Осының салдарынан медицинадан түк хабары жоқ жандар қажетсіз дәрілерді ішіп, артынша емшараның дұрыс белгіленбегенін біліп жататыны тағы бар… Мұның бәрі жемқорлықтан келетін зардаптың бір ширегі ғана. Ал үлкен қалаларда қажетсіз тендерлер мен сақтық шаралары қамтылмаған сапасыз жүріп жатқан құрылыстар ше, мұнда ала таңнан тұрып нан табам деп аяғымен келіп, жедел жәрдем мен қайтып жатқан құрылысшылар ше, кейін құлап кетуі мүмкін екенін білместен баспанаға қолдары зорға жететін тұрғындардың өміріне кім кепіл болмақ?!
Міне осындай көзге көрінсе де көрінбейтін, бәрі білсе де айтылмайтын мәселелер қарапайым халықты қажытып жібергені ащы да болса шындық. Осындай өрескел қателіктер біздің қаламызда да орын алмасын деген ниетпен «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ «Жемқорлыққа жол жоқ» акциясын жүзеге асыру мақсатында түрлі шаралар мен кездесулер ұйымдастырып жатқаны және бұл акцияға әр мекеменің атсалысып, халықтың да жұмыла кіріскені дәтке қуат, әрине. Ендігі тілек — өскелең ұрпақтың сауатын ашып, жасөспірімдер арасында жемқорлыққа қарсы дұрыс психология қалыптастыратын шаралар барынша кеңінен ұйымдастырылып отырса нұр үстіне нұр болмақ.
Балшырын АМАНТАЙ