Жұмыс қарқынды жүрді

Қаңтардың басы елдің барлық аймақтарында қарлы болып басталды. Қаражал-Жәйрем өңірінде де бұл кезде жылдағы мөлшерден артық қар түсті. Бұл қала тұрғындары үшін үлкен қолайсыздық тудырды. Көлік қозғалысы қиындады. Алайда, қала жолдарын күтіп ұстауды өз мойнына алған мердігер компания – «Заңғар-2205» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүйелі жұмыстарының арқасында қала қар құрсауынан шығарылды.

Қаладағы қар тазалау жұмысының барысы жайлы біз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалдау, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саутбаевқа хабарласып, мән-жайды сұраған едік.

– Желтоқсан айының соңын ала бастаған қар төрт-бес күн толассыз жауды. Қардың түсімі де жылдағыдан мол болды. Қалада қоғамдық көліктердің қозғалысы қиындады. Осы сын сағатта қала тазалығымен айналысып жүрген «Заңғар-2205» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлкен жұмыс атқарды. Олар тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеді.

Қарқынды жұмыс істеді. Соның нәтижесінде қала көшелері қардан тазартылып, көліктердің де, адамдардың да жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалынды, – дейді Нұрсұлтан Бауыржанұлы.

Бөлім басшысының айтуынша қар тазалау жұмысына мердігер компанияның барлық техникалары мен адамдары жұмылдырылған Бұл күні қала көшелерінде 9 арнайы техника мен адамдары жұмылдырылған Бұл күні қала көшелерінде 9 арнайы техника, 15 адам тынымсыз жұмыс атқарып, 3000 текше метрге жуық қар қала сыртына шығарылыпты.

– Қазір, Қаражал қаласында негізгі жолдарды, қоғамдық көлік аялдамаларын қардан тазарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Сондай-ақ, кішігірім көшелерді тазарту, жолдардың жиектелген бөлігін тазарту жұмыстары да қолға алынды. Сонымен қатар аяқжолдар да қардан тазартылып жатыр. Қалада жағдай тұрақты, тұрғындардың өтініштері жұмыс тәртібінде пысықталуда, – дейді Нұрсұлтан Саутбаев.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ