Үшемге пәтер берілді

Өткен жылы Қаражал қаласында күллі елге сүйіншілейтіндей үлкен қуаныш болған еді. 5 қараша күні Әбікеевтер отбасында үшем дүниеге келген болатын…

Орайы келгенде айта кетейік, 38 жасар қала тұрғыны Айгүл Истаева өмірге балпанақтай үш сәби әкелді. Бұл ата-ананың он жылдан бері күткен көз қуаныштары болатын. Қала әкімі Тілектес Досаев арнайы барып өмірге келген екі қыз, бір ұлдың бауы берік болсын деп отбасын құттықтап, сый-сияпатын да жасаған-ды.

Биыл сол Айлина, Амина және Нұрислам бір жасқа толды. Ал, жуырда қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Қаражал Оперейтинг» — әлеуметтік ЖШС жас отбасына қолдау көрсетіп, екі бөлмелі пәтер сатып әперді. Оның кілтін қала әкімінің міндетін атқарушы Досбол Құлымбетов пен кәсіпорын директоры Жандос Жолбарысханұлы салтанатты түрде табыс етті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ