Кеңейтілген отырыста өңірдің дамуы баяндалды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады.

Өңір басшысы осы алқалы жиында Президент пен Үкіметтің назарын біздің өңір үшін маңызды болып табылатын бірқатар мәселелерге аударды. Атап айтқанда, мұнай өңдеу зауытының құрылысы, Үйтас-Айдос су қабылдағышын қайта жаңарту және «Қызылорда – Жезқазған» автожолын жөндеуге қатысты мәселелер тілге тиек етілді.

Кеңейтілген отырыста аймақ басшысы алдағы кезеңде атқарылатын бірқатар негізгі міндеттерді де атап өтті. Мәселен, азық-түлік бағасының одан әрі өсуіне жол бермеу.

– Қазіргі уақытта біздің облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің он үш түрінен тек үшеуі ғана өндіріледі. Олар – ұн, ет және нан. Қалған азықтүлік түрлері сырттан келеді. Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылданды. Қазір өңірде меншікті тұрақтандыру қоры құрылды, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылды, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жоспары әзірленді, – деп баяндады Берік Әбдіғалиұлы.

Ізбасар ОЙБАС.