Бұл туралы аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығының тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді. Іс-шараға облыс мәслихатының хатшысы Б.Шыңғысов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС даму жөніндегі директоры Бақтияр Қырықпышев қатысты.
Тұрғындармен кездесуде әуелі Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов есеп берді. Шаһар басшысы өз баяндамасында қаланың қазіргі тыныс-тіршілігі мен алда тұрған ауқымды міндеттерді, шешімін күткен маңызды мәселелерді сөз етті.
Баяндамаға орай облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы қала басшылығының алдына тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бойынша нақты міндеттер қойды.
Кездесуде кезек тұрғындарға берілді. Осы орайлы сәтті пайдаланған азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бір қуанарлығы, елдің көтергені қарақан бастың қамы емес, көпке ортақ мәселелер болды. Есеп беру кездесуі көрсеткендей, өңір тұрғындарының көпшілігін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ветеринария және кәсіпкерлік салалары алаңдатады. Өңір басшысы мұның бәріне байыппен жауап берді.
Ізбасар ОЙБАС.