Бұл кен орыны Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Отанның қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында СОКП Орталық Комитетінің арнайы тапсырмасы негізінде тиянақты түрде зерттелген. Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, академик Қаныш Сәтбаев 50-ші жылдардың ортасында «бұл жерде үлкен өндіріс орны ашылады» деп атап айтқан…
Кеңес Одағы кезінде Жәйрем кенін игеру жұмысы «Байкал-Амур» магистралы құрылысын салумен қосақабат жүріп, «Бүкілодақтық комсомол құрылысы» болып жарияланды. Бұл тақырып СОКП XXIV, XXV съездерінде қаралып, қаулы-қарарына енгізілді. Екпінді құрылысқа одақтас республикалардан, ел аумағындағы облыстардан комсомол-жастар ағылып келе бастады. Әрине, олардың қатарына осы төңіректің жалынды жастары да қосылды. Соған орай, Жезқазған облыстық партия комитетінің бюросы Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Ошақбай Асылбековтің алдына Жәйрем кенін өндіру мен кенттің құрылысын салу жеделдетуді тапсырды.
«Жәйремқұрылыс» тресі құрылып, шұғыл іске кірісті. Болашақ қаланы сумен қамтамасыз ету үшін «Тұзкөл» жерасты су қоймасынан құбыр тартылды. Кенді тасымалдау үшін ұзындығы 21 шақырымды құрайтын «Жомарт-Жәйрем» автокөлік жолы жаңадан салынды.
Өндірілген кен СОКП XXIV съезінің ашылуы құрметіне мемлекетке арнайы рапорт беріліп, теміржол арқылы жіберілді. Руда өндірістерге жіберіліп, Жәйрем тау-кен комбинатының директоры Садық Асатов съезге делегат мандатымен қатысып, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды.
Кенді өңірдегі жұмыс қарқынының бәсеңдемеуіне СОКП Орталық Комитетінің ауыр өндіріс жөніндегі хатшысы Долгих Мәскеуден қадағалап, тікелей басшылық жасап отырды.
80-ші жылдардың бас кезінде Жәйремге СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев келіп, кенттің жайкүйімен танысты. Нәтижесінде құрылыс жұмыстары ширатылып, кеншілердің өтінішіне сәйкес, қырықтан аса жеңіл автокөлік бөлінді. Қазақ тілінде оқытатын орта мектеп ашылды. Сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету жайы жоғары деңгейге жеткізілді.
Ошақбай Асылбеков өзінің «Кеңгірдің арғы беті мен бергі беті» кітабында Жәйремнің қалыптасуы жөнінде сөз қозғап, кентте Мәдениет үйін салу туралы құжатқа қол қойдыру үшін сол кездегі СССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Гейдар Әлиевтің қабылдауына кіргенін жазады.
90-шы жылдары өндіріс орны «Сарыарқа» түстіметалл комбинаты болып, қайта құрылды. Ал, 1995 жылы Қазақ тұтынушылар одағының басқаруына берілді.
Жекешелендіру жұмыстары жүргізілуіне байланысты комбинатқа қарасты су, жылу, электр жарығы жүйелері бөлініп, қыс маусымында жылумен қамтамасыз ету мәселесі тығырыққа тірелді. Жарықты кестемен беру басталды. Комбинат өз жұмысшыларын еңбекақымен қамтамасыз ете алмай, соның есебінен қант, май, ұн беруге көшті. Жұмысшыларға нан босату талон жүйесіне ауысты.
1996 жылы өндіріс орны «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» атауын қайыра иеленді. Сол жылы комбинат өзін банкрот деп жариялап, оңтайландыру жөніндегі директоры Алтынбек Ибрагимов болды. Ол комбинатты тығырықтан шығарып, кейін Қаражал қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Іргелі өндірістік кәсіпорын өскемендік компанияның басқаруына берілген 2003 жылы директор лауазымына Рақымбек Күзембаев келді. Іскер басшы жергілікті халықтың әл-ауқаты нығайып, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға күш салды. Кенттегі спорт кешенін салуға қаржы сол кезде бөлінді.
Комбинатты В.Салманов, ағылшын азаматы Томос, Марат Дәрібеков басқарған уақыт кезеңдерін де ілгері басу жылдары деп сипаттауға толық негіз бар.
Тау-кен комбинаты «Казцинк» компаниясының құзырына өткеннен бері кентте жаңа мешіт салынды. Аурухана, жергілікті әкімдік, почта ғимараттары, тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілді. Меморандум негізінде кенттің дамуына жыл сайын миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталып келеді.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жәйрем кентіндегі құрылысы аяқталған жаңа байыту фабрикасын іске қосу салтанатына онлайн-режимде қатысып, жұмысты бастауға пәрмен берді. Бұл қосымша жұмыс орындарының пайда болуына, жылына миллиондаған тонна кенді өңдеп, ел ырысын еселеуге негіз қалады.
Комбинаттың кәсіподақ комитеті жұмыскерқызметкерлердің талап-тілектеріне ұдайы көңіл бөліп, зейнет демалысындағы ардагерлерін назарда ұстап келеді.
Өз кезегінде Жәйрем кенті әкімдігі де ұтымды істерге ұйытқы болып отыр. Ақсақалдар алқасымен кеңесіп, бюджет қаражаты есебінен көшелердің жарықтандырылуын жүйелі жолға қойды. Көшелер асфальтталып, балалардың ойын алаңдары орнатылып жатыр. Кент аумағы тұрақты негізде абаттандырылу үстінде.
Міне, осының бәрі – өндірісті өңір келешегінің кемелдене түсерінің кепілі.
Аманжол БАЙМҰРЫНҰЛЫ,
зейнеткер.
ЖӘЙРЕМ кенті.