Қариялар қуанышқа кенелді

Жүздеріне тағдырдың сан тарау жолдарындай болып орнаған әжімдер арасындағы жәудіреген бейкүнә жанарлардан ерекше жылу шашып, асқан мейіріммен қарағанда көңілдегі бар уайымды сейілтіп, «Айналайын» деген жалқы сөзімен жанды жадыратып жіберетін бір тылсым құдіретке ие қариялардың атаулы мерекесі Қаражал қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада ерекше атап өтілді.

Нақтылай түссек, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні орталық кітапханада «Жан жылуын сыйлаймыз» атты мерекелік кеш өтті. Шара шымылдығы «Балбөбек» бөбекжайының «Қызғалдақ» тобы бүлдіршіндерінің «Тамшылар» биімен ашылды.

Салтанатты сәтте абзал жүректі, кең кеуделі ақылман ақсақалдар мен ақжаулықты аналарды мерейлі мерекелерімен қалалық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Тілеухор Байшөкенова ақжарыла құттықтады.

Балғын өнерпаздар аталары мен әжелеріне өлең шумақтарын, әндерін арнады.

Мерекелік кеш «Салтдәстүрім – асыл қазынам» атты танымдық-зияткерлік ойынға ұласты. Соның аясында аталар мен әжелер екі топқа бөлініп, өзара сынға түсті. Қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты қойылған алуан түрлі сұрақтарға ұтымды жауап беріп, сырға салу, құда түсу рәсімдерінен көріністер көрсетті.

Тағылымы мол тартымды кеш қонақтары Алғыс хаттармен марапатталып, мерекелік көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушы тарапқа ақ баталарын беріп тарқасты.

Балшырын АМАНТАЙ